«АТЫРАУ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ
ШАЙМАРДАН САРИЕВ АТЫНДАҒЫ
КӨРКЕМСУРЕТ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ-СӘНДІК ӨНЕР МУЗЕЙІ» КМҚК

«Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрменің ашылу салтанаты болып өтті

2022 жылдың 9 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл және редакция фототілшісі Ерлан Сәкембайұлы Алтыбаевтың 50 жасқа толуына арналған редакция фототілшілерінің «Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрменің ашылу салтанаты болып өтті.

Адамзат тарихында 1800 жылдан басталатын нағыз фотографияның даму тарихы бүгінде барынша жаңарған. Дәстүрлі мағынадағы фотография 1839 жылдың 7 қаңтарында дүниеге келген. Сол күні француз өнертапқышы Луи Дагер ашқан жаңалық Париж Ғылым академиясының кезекті мәжілісінде жария етілді. Соған байланысты, 7 қаңтар – ресми түрде фотографияның туған күні болып есептеледі.

Ал, қазақ даласында алғашқы суреттердің бірін ұлт ардақтыларының бірі Шәңгерей Бөкеев Бөкей Ордасында түсірді деген дерек бар. Қазақстанда 1932 жылдың 9 мамырында газет-журналдардың штаттық кестесiне «фототiлшi» лауазымы енгiзiлгеннен бастап, бұл саланың маңызы арта түсті.

Алғашқы болып сөз алған «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жасын Ерсінұлы Біркенов ғасырлық тарихы бар облыстың бас басылымы «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің және сол газеттің даму тарихында фотолармен шежіре қалыптастырған көрменің авторы Ерлан Сәкембайұлының шығармашылығына, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Елiмiзге қауiп-қатер болып төнген Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан бұл кезде көптеген облыстық, аудандық газеттер жабылып қалды. Ендi-ендi жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ фотожурналистикасы осы уақытта сәл болса да тоқырауға тап болды.  Оның қайта өрлеуi, соғыстан кейiн 50-iншi жылдардың екiншi жартысынан басталды. Бұл кезде қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң бiр топ түлегi фотожурналистиканың дамуына барынша үлес қосты. Олардың ішінде Рысқали Дүйсенғалиев, Бекмұханбет Тiлекметов, Нұрғожа Жұбанов сияқты фототiлшiлер бар едi. Көп ұзамай, бұлардың қатарына Қайрат Мұстафин, Сайлау Пернебаев, Жүсіпбек Пайызов, Сиез Бәсiбеков, Дендербай Егiзовтер келiп қосылды. Әрине, есімдері аталған фотоөнерінің аға толқыны дүниеден өтсе де, олар артына қаншама құнды мұрағаттар қалдырды. Сол мұрағаттың бірқатары бүгінгі көрмеде көрініс тапты. Көрменің ашылу салтанатында  Атырау облыстық Мәслихатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Қайрат Қонысұлы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы Өтешев құттықтау сөз сөйледі және  Ерлан Сәкембайұлына Хиуаз Доспанова атындағы медаль табыс етті.

Қасиетті Бақсай топырағында небір талантты перзенттердің кіндік қаны тамған. Соның бірі – белгілі суретші, бүкілодақтық, халықаралық көрмелердің дипломанты, живопись және кітап-альбом саласындағы бірнеше еңбектің авторы, республиканың баспа саласындағы кітап көркемдеу шеберлерінің бірі, ЮНЕСКО ұйымы алтын медалінің және халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Табылды Мұқатов. Нарын құмында туған оның шеберлігін әлем мойындады.

Ендеше, тектілік тек қанмен берілетінін ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Бүгінгі мерейтой иесі, «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Сәкембайұлы Алтыбаев – сол Табылды Мұқатовтың туған жиені.

Шарада Махамбет ауданының әкімі Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев,  белгілі меценат, қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Төкен Танаұлы Жұмағұлов фото-көрменің ашылуымен құттықтады. Мерекелі шарада Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Фотоөнер – бұл халықтың баға жетпес байлығы. Журналистикада көбінесе мақала жазған тілшінің еңбегі еленеді де, суретке түсірген адам сырт қалып қояды. Ал, шынтуайтында, әрбір кадрдың құны бар.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында егемендікке қаншалықты маңдай термен қол жеткізіп, мемлекеттің бүгінгі күнге дейін қандай ауыр жолдан өткенін объектив көзімен тарих парағына жазып келе жатқан белгілі фотожурналистер – «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Журналистика» факультетінің оқытушысы, «Фотожурналистика» оқулығының авторы Асылхан Әбдірайымұлы, әр жылдары республикалық «Қазақстан пионері», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», халықаралық «Түркістан» газеттерінің фототілшісі болып жұмыс істеген, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің жеке фототілшісі, 20 шақты фото және кітап-альбомдардың авторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының лауреаты Шүкірәлі Өмірұлы Шахайлардың есімдерін бүгінде күллі қазақ мақтан тұтады.

Осы көрмеге уақыт бөліп, кейінгі толқын – ізбасарларыңызға ілтипат білдіріп, Атырауға арнайы келген Асылхан Әбірайымұлы мен Шүкірәлі Өмірұлы барша ұжымға шығармашылық  жетістіктер, фотокөрме жұмысына сәттілік тіледі. Медиа холдингтің бас директоры Жасын Біркенов кеш меймандарына бір топ алғыс хат пен сыйлықтар ұсынды. Рас, Атырау журналистикасының фотоөнер тарихы – толыққанды зерттелмей келе жатқан сала. 2023 жылдың 1 сәуірінде шыға бастағанына 100 жыл толғалы отырған облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында фототілшілер аз болған жоқ. Бірақ, олардың 60-ншы жылдардың ортасына дейінгі буыны бізге әзірге беймәлім.

Ал, одан бергі редакция фототілшілері Борис Матвеев, Алпамыс Теміров, Қайролла Қабдешевтердің ізін жалғап, облыстың фотосурет-шежіресін қалыптастырып келе жатқан Ерлан Алтыбаевтың еңбегі бір төбе. Ол осы қызметке келген ширек ғасыр уақытта әр жыл сайын 1 мыңнан астам фотосурет түсіріп келеді. Бұл – тек басылым бетіне жарияланғаны ғана.

Ерлан Сәкембайұлы редакцияға жұмысқа келгенде, алғаш тәлімгері болып, бағыт-бағдар нұсқаған сол кездегі бас редактордың орынбасары, бүгінде медиахолдинг ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Достанұлы Қабылов, сондай-ақ Ерлан Алтыбаевтың  өнеріне тәнті замандас аға-апалары мен демеушілер ақ тілегін арнады.  

«Объектив – менің әлемім!» атты фотокөрмеге барлығы 120 фотосурет қойылған. Олар мұнай-газ өнеркәсібі, табиғат қорғау, Атырау өлкесі мен журналистикасының тарихы, тағы басқа тақырыптарға топтастырылған.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
sariev_museum@mail.kz
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ