2023 жылдың 16 наурыз күні Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022-2024 жылдарғаарналған жол картасына сәйкес, 22 наурыз – «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мерекесіне орай «Киелі пана – киіз үй» атты қолөнершілердің облыстық байқау көрмесі.
Байқау-көрменің басты мақсаты: Өнер музейіндегі «Асыл мұра» залында қазақ халқының ерекше сәулетті ескерткіші «Киіз үй» жабдығын жасақтау, көрерменге «Ерекше баспананың» экспозициялық көрінісін көрсетіп, көрерменге насихаттау;
Қазақ халқының қолданбалы-сәндік өнерін дамыту, қоғамға отандық қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру;
Ұлттық мәдениетіміздің рухани құндылықтарын, ұлт мәдениеті мен өнерінің бай мұрасын, даму кезеңдерін, дәстүрін, дүниетанымын көрерменге таныстыру;
Заманның рухани және әлеуметтік талаптарынан туындайтын «Киелі пана – киіз үй» жабдығына қатысты қолөнер түрлерін кеңінен насихаттау, оларды өмірде қолданысқа енгізуге мүмкіндік жасау.
Қолөнер шеберлерінің шығармашылық өзара іс-қимылына ықпал ету.
«Киелі пана – киіз үй» атты қолөнершілердің облыстық байқау көрмесін Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақ халқының қолданбалы-сәндік өнерін дамыту, қоғамға отандық қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің жетістіктерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Киелі пана –киіз үй» атты қолөнершілер арасындағы облыстық байқау-көрмеге облыс қолөнершілерінен ағаш және тоқыма түрінен барлығы 14 жұмыс тапсырылды. Байқау екі номинация бойынша өтті.
Байқауға «Ағаш шебері» бағыты бойынша 3 және «Тоқыма шебері» бағыты бойынша 11 туынды қабылданды. Байқау-көрмені сараптаған әділқазылар алқасының төрағасы Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының костюм маманы, Халық алғысы медалінің иегері, «Қол өнер дауысы-2022» байқау фестивалінің жүлдегері Қайрошева Майра Мұратқызы, әділқазылар алқасының мүшелері Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Хасанова Бақтыгүл Қаспайқызы, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қор сақтаушысы Лұқпанова Шынар Салауатқызы.
Байқау көрмеде жүлде алған жеңімпаздар:
«Ағаш» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын Атырау қаласынан «Жер үстел» қолөнер бұйымымен Жұмашев Қалымбек Сабырұлы, байрағы 100 000 теңге;
«Ағаш» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІ орын Атырау қаласынан «Жастық ағаш» қолөнер бұйымымен Қалиев Нұрсұлтан Молдағұлұлы, байрағы 150 000 теңге;
«Ағаш» шебері номинациясы бойынша жүлделі І орын Атырау қаласынан «Сандық ағаш» қолөнер бұйымымен Қалиев Нұрсұлтан Молдағұлұлы, байрағы 200 000 теңге;
«Тоқыма» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын Исатай ауданынан «Басқұр» қолөнер бұйымымен Жанғалиева Алмара Жанатоллақызы, байрағы 100 000 теңге;
«Тоқыма» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын Құлсары қаласынан «Түйе қоржын», «Уық бау» қолөнер бұйымымен Елтезерова Нұргүл Қадырқызы, байрағы 100 000 теңге;
«Тоқыма» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын Қызылқоға ауданынан «Текемет» қолөнер бұйымымен Мергенгалиева Сандуғаш Нұрбайқызы,байрағы 100 000 теңге;
«Тоқыма» шебері номинациясы бойынша жүлделі ІІ орын Құрманғазы ауданынан «Басқұр» қолөнер бұйымымен Рысқалиева Ғалия Саипқызы, байрағы150 000 теңге;
«Тоқыма» шебері номинациясы бойынша жүлделі І орын Атырау қаласынан «Сырмақ Күн мен түн» қолөнер бұйымымен Кенжеғалиева Айгерім Табылдықызы, байрағы 200 000 теңге;
Жүлде алған жүлдегерлер дипломмен және сертификатпен марапатталды. «Киелі пана-киіз үй» тақырыбындағы байқау-көрмені ашу үшін салтанатты лента қию рәсімі өткізілді. Көрмеге жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қолөнершілер туындыларын көрме залынан тамашалады.