2023 жылдың 30 наурыз күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Халықаралық Американдық Гобелен Альянсының мүшесі, кескіндемеші, гобеленші Бапанов Әлібай Қалтайұлының өнер музейі қорындағы туындыларынан дәріс сағат өткізілді.
Дәріс сағат өткізудегі басты мақсат – музей көрермендерін Бапановтың өмірбаянымен, ерекше шығармашылығы және Өнер музейі қорындағы тың туындыларымен таныстыру.
Бапанов Әлібай Қалтайұлы 09.03.1953 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1973 жылы В.И.Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік көркемсурет институтының монументалдық кескіндеме факультетін бітірген. Ресейдің Халық суретшісі, сол кездегі Третьяков галереясының бас директоры Ю.К.Королевтің жеке шығармашылық шеберханасында оқып бітірді. 1981 жылдан ҚР Суретшілер Одағының мүшесі.
1981 жылы Алматының көркемсурет училищесінде оқытушы және «Өнер» бейнелеу өнері комбинатында монументалдық кескіндемеші ретінде шығармашылық еңбек жолын бастады. 1988-2000 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлтық Өнер академиясында монументалдық кескіндеме кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Ә. Қ. Бапанов ұзақ жылдар бойы Қазақстан Суретшілер одағының Басқарма және алқа мүшесі болды. КСРО Суретшілерінің VIII съезіне делегат болып қатысты. Бапанов тек өз елімізде ғана емес, Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Шебердің қолынан шыққан киіз бұйымдар – Германия, Швейцария, Жапонияда қолдан жасалған бұйымдар жоғары бағаланады. Сонымен қатар, Бапановтың жұбайы Сәуле Бапанова да ерекше талант иесі. Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанованың туындылары өзіндік ерекшелігімен көрермен жүрегін баурап алуда. Көптеген жылдар бойы ізденіспен, шеберлікпен түрлі тақырыпта гобелен тоқып жүрген шеберлердің туындыларының қазақ өнерінде алар орны ерекше. Тарих, болашақ, ұлттық болмыс пен дәстүрді қамтыған мағынасы терең өнер туындылары елімізде ғана емес, шетелдерде де көрмелерге қойылып келеді.
Дәріс сағатта Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі қорындағы Әлібай Бапанов мен Сәуле Сыздыққызының «Ата жұрт», «Қанатты барыс», «Киелі ағаш» тақырыбындағы қолөнер туындылары қойылып, студенттермен таныстырылды. Дәріс сағатты Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенттері келіп тамашалады.