2023 жылы 6 сәуір күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде бейнелеу өнер көркемсурет студияларының оқушылары арасында облыстық «Музейлік QUEST» сайысы өтті, оған облыстық 4 көркемсурет студияларының оқушылары қатысты.
Музейлік «QUEST» мақсаты: Музей туындыларын жас ұрпаққа насихаттау және музейге қызығушылығын арттыру. «QUEST» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «іздеу», «табу» дегенді білдіреді. Кез-келген оқиғаны іске асыруда іздену арқылы жүзеге асатын ойын, тапсырмалар. Қазіргі таңда көпшілік арасында танымал музей аудиториясымен, білім мекемелері шәкірттерімен топ құру арқылы жүргізілетін жұмыстың заманауи түрі бұл «QUEST» ойыны. Музейлік «QUEST» сайысының тапсырмаларын орындау арқылы балалар музей қорындағы жәдігерлермен, бай туындыларымен жете танысып, логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттыра түседі. QUEST сайысына қатысушы ойыншы практикалық тапсырмалар арқылы Өнер музейі туралы мол мағлұмат алады. Қатысушылар комуникативті дағдыларды бойына сіңіру арқылы танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Ойын ұйымшылдыққа, тапсырмалардың шешімін оңай және жылдам табуға, топта жұмыс жасауға, өзіндік пікірлерін қалыптастыруға, ортақ мақсатқа жетуге дағдыландырады.
Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің басшы орынбасары Назгүл Төлегенқызы салтанатты шараны ашып, сайысқа қатысушы барлық командаға жетістіктер тіледі. QUEST – сайысы 4 бөлімнен құралған. 1. Quest («Тез тап»). 2. Зияткерлік Академия. Залға экскурсия жасау арқылы берілген сұрақтарға жауап беру. 3. Құрастыру («Кім жылдам?»). 4.«Натюрморт». Құрастырылған көріністі кенеп бетіне түсіру.
Төрт команда QUEST-тің бірінші бөлімінде Әділ-қазылар алдынан тапсырманы алып, сұрақтардың жауаптарын музей залдарынан іздеп тапты. Ал сайыстың келесі бөлімінде жүргізілген экскурсия барысында Музейлік «QUEST»-ке қатысушылар экскурсияны ыждаһаттылықпен тыңдап, музей залдарымен кеңінен танысты. Бұл бөлімнің сауалдары осы экскурсия барысынан алынып қойылған болатын. Бұл бөлім балалардың әрқайсысының үлкен жауапкершілікпен, айтылған әр ақпаратты ыждаһаттылықпен тыңдап, еске сақтап алу қабілеті арқасында жауап беруімен маңызды болды. Ал сайыстың үшінші бөлімінде «Кім жылдам?» ойыны өткізілді. Сайыскерлер белгілі бір уақытта пазл жинақтап, музей қорындағы туындыны құрастырып үлгерді. Ал QUEST-тің төртінші «Натюрморт» бөлімінде оқушыларға композиция берілді. Оқушылар «Натюрморт» жанрында берілген композицияны белгіленген уақытта кенеп бетіне түсірді.
Музейлік «QUEST» сайысына белсенділік танытып қатысқан 4 бейнелеу өнер көркемсурет студияларына естелік сыйлық (статуетка) табыс етілді. Ал жүлделі үшінші орынға «Darhan» бейнелеу өнер студиясының оқушылары Ильясқызы Айару, Тұрланұлы Әділ, Амиржанова Камалия, екінші орынға «Аrt J» бейнелеу өнер студиясының оқушылары Сеитова Наргиз, Қуан Райхан, бірінші орынға «Сәттілік» бейнелеу өнер студиясының оқушылары Серик Милана, Адиатолла Райхан, Абсаттар Сымбат ие болды. Музейлік «QUEST» сайысында Өнер музейі жанындағы «Бейнелеу өнері» студиясының оқушылары Серикова Ақпейіл, Исмаилова Нелли, Тагим Динара бас жүлдені жеңіп алды. Барлық команда мүшелері алғыс хаттармен, мадақтамамен және дипломдармен марапатталды, балаларға бағалы сыйлықтар – тубус, түрлі-түсті қарындаштар жинағы, акрил бояулары, сурет салуға арналған планшет, мольберт, этюдник табыс етілді. Сайысқа қатысқан Өнер студияларының оқушылары мен жетекшілері білімі мен білігі сынға түскен бұл жолғы сайыстың ерекше талғампаздықпен ұйымдастырылғанын, бәрі де әділ, шынайы және де QUEST ойынының өте қызықты өткендігін жарыса жеткізді. Студия жетекшілері шәкірттері қатысқан осы ойынға өздері де қызығушылық танытқанын, болашақта тек оқушылар ғана емес, жетекшілердің, яғни, бейнелеу өнеріне жастарды баулып дәріс беріп отырған мұғалімдер арасында да ұйымдастырылса деген тілегін білдірді. Балалардың қай-қайсысы да шеттерінен дарынды, талантты, білімді, талғамдары жоғары. Тек талабын ұштай беру осындай сайыстары арқылы жүзеге аса беретінін бүгінгі Музейлік «QUEST» сайысы тағы бір дәлелдей түсті.