2023 жылдың 18 сәуір күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар» күніне орай белгілі суретші, тарихшы Горбатов Аркадий Евгеньевичтің музей қоры туындыларынан «Ескерткіштерді қорғау – елдіктің белгісі» тақырыбында көрме өтті.
Шараның мақсаты: Көрерменге ескерткіштер күні туралы мағлұмат беру. Көптеген ескерткіштерді бейнелеген суретші Аркадий Горбатовтың музей қорындағы туындыларын жас ұрпаққа насихаттау.
Еліміздің тарихи-мәдени мұрасы, халық тарихының аса маңызды айғағы, мәдениетіміздің біте қайнасқан құндылықтарының бірі – ескерткіштер. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері 18 сәуірде атап өтіледі.
Көне дәуірдің ескерткіштерін, тау-тасқа салынған таңбаларды, мазарлар мен жер асты мешіттерін кенеп бетіне түсіре білген суретшілердің бірі – Горбатов Аркадий Евгеньевич.
Горбатов Аркадий Евгеньевич 1937 жылы Уфа қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған. 1957 жылдан республикалық, бүкілодақтық көрмелерге қатысқан. Қазақ елінің тарихи-мәдени мұрасына, тарихына қызыққан суретші елімізді аралап, ескерткіштерді өз туындыларында бейнелеген.
Бүгінгі көрмеде атаулы күнге орай Ш.Сариев атындағы Өнер музейі қорындағы суретші-тарихшы Аркадий Горбатовтың «Шақпақ ата мешітінің жалпы көрінісі», «Шақпақ ата мешітіне кірер жол», «Қамысбай некрополі», «Шақпақ ата мешітінің интерьері», «Шақпақ ата мешітінің жер асты қорымдары», «Айрақты тауының жанындағы некрополь», «Кенді баба некрополі» секілді туындылары қойылды.
Шараға Атырау сервис колледжінің студенттері қатысып, кенеп бетіне түсірілген көне дәуірдің ескерткіштерін тамсана тамашалады.