2023 жылдың 28 сәуір күні Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 1 мамыр – Халықтар Достығы күніне арналған «Татулық – достықтың киелі бесігі» тақырыбында музей қорындағы туындыларынан көрме өтті.
Мақсаты: Көрермендердің Отанға, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншілігін арттыру, өз елінің , сондай-ақ Қазақстан жеріндегі өзге ұлттардың да тарихын , салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сыйлауға тәрбиелеу.
Қазақ ұлтының кешегі көрінісі көшпелі болса, бүгінгі күнде тәуелсіздігін алған егемен ел. Еліміз басына түскен сын сағаттарда сыннан сүрінбей өтіп,тарыдай шашылмай , жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен ауызбіршіліктің туын желбірете білді. Халқымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» 130 түрлі өзге ұлт өкілдерімен бірге қырық пышақ болмай, тату тәтті өмір сүріп, қаймағымыз бұзылмаған елге айналдық. Қазақстан-өзге ұлт өкілдерінің де өмір сүріп жатқан Отаны, ұрпақтарының кіндік қаны тамған жері.Осы ұлт өкілдерімен қоян қолтық араласып түсінісуіміз,достығымыздың жарасуы , қиын қыстау кезеңде бір құйқаны бірге бөлісіп жеп, көзімізді алартпай тереземіз тең, керегеміз кең бір шаңырақтың астында өмір сүруіміз -біздің еліміздің ең басты байлығы болып табылады.
Көрмеге:Ж.Аралбаевтың «Гүлденген өлке» Т. Халиннің «Мәртебелі көктем», В.Фролованың «Буырқанған мамыр», М.Давлетьяровтың «Көктемнің түрлі түсті мейрамы», Қ.Досниязовтың «Мерекелі Гурьев» т.б туындылары қойылып таныстырылды.