2024 жылдың 7-ші қазан күні Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Мәдениет саласының ардагерлері, еңбек ардагері Қожағұлова Әсия Сәрсенқызының 80 және еңбек ардагері, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Оразова Сәния Өтепқалиқызының 75 жасқа толуына орай «Ғибратты ғұмыр» атты кездесу кеші өткізілді.
Екі мерейтой иесі де түрлі жауапты қызметтерде болып, абыройлы еңбек етті. Зейнеткерлікке жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққасын да олар өмірлік тәжірибесін, ойға түйгенін өзінен кейінгі ізбасарларымен бөлісіп келеді. Мәдениет саласында олардың сіңірген еңбегі, ғибратты өмірі өскелең ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге боп қала бермек. Кездесуді өткізудегі мақсат та мәдениет саласының ардагерлерін ұлықтау, оларға құрмет көрсету.
Шара барысында екі мерейгердің өнегелі өмірі мен қызметтік жолы туралы «Ғибратты ғұмыр» аталатын бейнефильм келушілер назарына ұсынылды.
Кездесуде сөз алған Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтешов Мұрат Сақтайұлы мерейтой иелерін мерейлі жастарымен құттықтап, ізгі лебізін жолдады. Облыс мәдениетінің жылдар бойы сараланған сарабдал тынысында еңбек ардагерлерінің алған орны ерекше, қалдырған қолтаңбасы айрықша екендігін атап өтті. Кеш барысында Мұрат Сақтайұлы Атырау облыстық ардагерлер кеңесі атынан Әсия Сәрсенқызын «Тәлімгер» атты және Сания Өтепқалиқызын «Атырау ардақтысы» атты төсбелгілерімен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Бұдан кейін сөз алған Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы мерейтой иелеріне ізгі тілегін арнап, олар еңбек еткен жылдары осы саланың жан-жақты дамуына, жаңашылдықпен алға басуына үлес қосқанын, қызметке тұрған жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп, үйретуден жалықпаған үлкен жүректі, білікті басшы бола білгендігін, іргелі мәдениет нысандарының жұмысының алға басуына зор үлес қосқандығын тілге тиек етті. Әбіл Тауфиқұлы мерейтой иелеріне құттықтау хат табыстап, ақ жаулығымен иығына шапан жапты.
Кездесу барысында өңірімізге танымал өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Нұрдәулет Ақназаров, еңбек ардагері Бозданова Орынша Бозданқызы, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қосыбаев Кеңес Темірұлы, Мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Шайхашева Гүлнар Сатуқызы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер Академиясының мүше-корреспонденті, «Тарлан» сыйлығының иегері Слекенов Рафаэль Оразбайұлы сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін, ал Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері Болатбек Құбашев пен Алида Хуанова сазды сәлемін жолдады. Кездесу кешінің соңында өмір жолдары өнегеге толы Әсия Сәрсенқызы мен Сания Өтепқалиқызы көрсетілген құрметке ризалық сезімдерін білдірді.