2024 жылдың 15 қазан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Тағдырың өз қолыңда!» тақырыбында мектеп оқушыларының облыстық байқау көрмесі өткізілді.
Нашақорлық-наркомания (грек тілінен narke – мелшию және manіa – ессіздік, құтырыну) – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру.
Нашақорлық аса қауіпті де қасіретті дерт. Адамның әрекеттерінде, ой-сезімдерінде өзгерістер тудыратын табиғи немесе синтетикалық заттарды «есірткі» деп атаймыз.
Бұл дегеніміз – табиғи немесе жасанды түзілген, адамның сана-сезіміне өзгерістер әкелетін химиялық қоспалар, яғни психикалық белсенді заттар. Бұлар мидың қажетті нерв жүйесіне химиялық қозғау салу арқылы жауап ретінде психоэмоциялық рахат, ләззат сезімін тудырады немесе әлдебір қалыпсыз ауытқулар алып келеді. Бұл қоспалардың адам ағзасын өзіне тәуелді ету мүмкіндігі өте жоғары. Есірткінің кейбір түрлерін бір рет қолданған кісі оған өмір бойы тәуелді болады. Әсіресе, жүйке жүйесі әлі толық қалыптасып бітпеген жасөспірімдерге өте зиян.
Біздің болашақ жастарымыз осындай тәуелділікке салынбау қажет, ал ол үшін нашақорлықтың қандай қауіпке алып келетінін түсіндіру және жастардың сауаттылығын арттыру басты міндет болып саналады.
Байқау-көрменің мақсаты:
-
Оқушыларға зиянды заттардың денсаулыққа аса қауіпті екендігін ескерту, темекі шегуден аулақ болуға шақыру;
-
Нашақорлықтың алдын алу;
-
Балалалар мен жасөспірімдердің патриоттық, жалпы мәдени және Рухани құндылықтарын қалыптастыру;
-
Салауатты өмір салтын ұстану;
-
Сурет салуға икемі бар, талабы мен шеберлігі жоғары, қылқалам иесі болуға үміткер жас дарынды балалардың талабын ұштау;
-
Оқушыларды көркемдік шығармашылыққа баулу. Дарынды Балаларға қолдау көрсету.
Көрмені Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасары салтанатты түрде ашып, нашақорлық – бұл қоғам дерті екендігін, жастарымыз сол зиянды әрекетке тәуелді болмай, салауатты өмір салтын ұстанулары қажет екендігін атап өтті. Шара барысында сөз кезегін алған Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Джангалиева Марьяна Қазбекқызы көрме жұмысына сәттілік тіледі. Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 176 жұмыс тапсырылды. Байқау болған соң жүлдегерлер мен жеңімпаздар, сондай-ақ өз белсенділігін танытқандар да жетерлік. Осы жұмыстардың ішінде 6 жүлде қоры, 50 қатысушыға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Қатысушылар жұмысын бағалау үшін құрылған қазылар алқасы:
Қазылар алқасының төрағасы:
-
ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, облыстық, республикалық көрмелердің қатысушысы, белгілі қылқалам шебері Арыстанов Исім Нұрлығайынұлы Қазылар алқасының мүшелері:
Қазылар алқасының мүшелері:
-
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Қоянғалиев Еркін Саташұлы.
-
Қ.Дүтбаева атындағы Гуманитарлық колледжінің “Өнер және мәдениет”бөлімінің меңгерушісі, педагог сарапшы, “Ы.Алтынсарин” атындағы төсбелгісінің иегері Салимов Дәулет Құрметұлы
50 қатысушыға алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы ретінде құлаққап, жүлделі үшінші орын алған үш оқушыға Smаrt-сағаты мен диплом, ІІ орын алған екі оқушы және І орын алған бір оқушы ұялы телефондар мен диплом табыс етілді.
Байқаудың ашылу салтанатына оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер, балалардың жетекшілері қатысты. Барлық қатысушылар байқауға түскен көрме жұмыстарын тамашалады.