2024 жылдың 13 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 16 желтоқсан – «Тәуелсіздік күніне» орай «Тәуелсіздік тарихы» атты музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрменің мақсаты: Өскелең ұрпаққа халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке, тәуелсіздікке жету жолындағы желтоқсан оқиғасы туралы түсінік беру. Кенеп бетіне түсірілген картиналар арқылы бабаларымыздың жүріп өткен жолдарын насихаттау.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жаңа мемлекет–Тәуелсіз Қазақстан келді. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.
Аталған шараға музей қорынан Қ.Амановтың «Қаһарлы желтоқсан»; А.Айтмагамбетовтың «Тәуелсіз Қазақстан», Ж.Рахметовтың «Бабалар рухы», Ж.Аралбаевтың «Жаңғырықтан кейін», К.Жапалованың «Тәуелсіздік таңы» және т.б. туындылар қойылды.
Көрмені Каспий өңірінің көпсалалы коледжі және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері тамашалады және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.