2025 жылдың 11 сәуір күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қолөнер бұйымдарынан «Ғасыр мұрасы» тақырыбында көрме өтті.
Көрменің мақсаты: музейге келуші көрермендерге музей қорындағы қолөнер бұйымдарын таныстыру, насихаттау.
Қолөнер –ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабаларымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Қазақтың қолөнер бұйымдары - бұл тек тұрмыстық қажеттіліктер үшін жасалған заттар ғана емес, сондай-ақ, халықтың дүниетанымын, өмірлік философиясын, ұлттық салт-дәстүрлерін бейнелейтін шығармашылық туындылар болып табылады.
Қолөнер өнерінің дамуы мен байлығы, оның көп қырлы болуы да халықтың рухани өмірінің бір бөлігін құрайды. Қолөнер бұйымдары – бұл шеберлердің бейнесі мен көңіл-күйін, сол кезеңнің тарихын, сонымен қатар халықтың әлеуметтік өмірі мен мәдениетін көрсетеді.
Көрмеде ұсынылған қолөнер бұйымдары әртүрлі түрлері мен стильдері арқылы қазақ халқының өткеніне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Тұтыну заттарынан бастап, сәндік-қолданбалы өнердің туындыларына дейін,әрбір бұйымның өз тарихы бар. Әсіресе, көрмеде қойылған қолөнер туындыларынан зергерлік бұйымдар, ағаштан жасалған ұлттық ыдыстар мен тұрмыстық заттар ерекше көзге түседі.
Музейде өткізілген «Ғасыр мұрасы» тақырыбындағы көрмеде Н.Қалиевтің «Сандық», «Жастық ағаш», «Асадал»; Қ.Шапабаевың «Қарбалас композициясы», «Көне сандық»; Б.Әлібайдың «Қосбілек», «Бойтұмар», «Білезік», «Кемер белдік» т.б қолөнер бұйымдары таныстырылды.