2025 жылдың 17 сәуір күні Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Андрей Андреевич Дячкиннің туғанына 95 жыл толуына орай “Өткен дәуір палитрасы” тақырыбында дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – студенттерді суретші Андрей Дячкиннің өмірбаяны және шығармашылығымен таныстыру.
Андрей Андреевич Дячкин — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ол 1930 жылы Украинадағы Донецк облысы, Лозовая ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Ворошиловград көркемсурет училищесін, ал 1956 жылы Харьков көркемсурет институтының графика факультетін бітірген. 1956 жылдан бастап Қазақстанда өмір сүріп, Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде ұстаздық еткен. 1981 жылы Қазақстан КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. 1993 жылдан бастап Мәскеуде тұрған. Оның шығармалары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, Третьяков галереясында, Шығыс халықтарының мемлекеттік өнер музейінде және Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Израиль, Жапония елдеріндегі жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.
Дәріс-сағат барысында Атырау сервис колледжі мен Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері суретшінің өмір жолы және шығармаларымен танысты.
Музей қорында сақталған оның “Фигуристы”, “Натюрморт”, “Алма-ата” атты туындыларына ерекше назар аударылды. Бұл туындылар – суретшінің графика саласындағы шеберлігі мен табиғат пен мәдениетке деген терең сезімін бейнелейді.