2025 жылдың 24 сәуір күні Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік- өнер музейінде «Ағашқа түскен әр өрнекте мән бар» атты тақырыбында дәріс-сабақ өтті.
Дәріс-сабақтың мақсаты- қазақ халқының қолөнерінде ерекше орын алатын ағаш ою өнерін дәріптеу, өлкенің қолөнершілері туралы мәлімет беру, музей қорындағы ағаштан және былғарыдан жасалған қолөнер бұйымдарымен таныстыру.
Ағаш ою өнері көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болды. Шеберлер ағаштан түрлі бұйымдар жасап, оларды әртүрлі ою-өрнектермен безендірді. Әсіресе, қазақтың киіз үйлеріндегі шаңырақ, есік, кереге, уық сияқты бөлшектерде ағаш оюының керемет үлгілері кездеседі. Сонымен қатар, тұрмыстық заттар – астау, ожау, сандық, бесік, тіпті жиһаздар да әдемі оюлармен өрнектеліп, ұлттық нақышқа ие болған.
Қазақ халқының қолөнерінде ерекше орын алатын ағаш ою өнері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Әрбір ағашқа түскен өрнекте терең мағына, белгілі бір ой жасырынған.
Дәріс-сабақ барысында белгілі қолөнер шебері, ағаш және тері өңдеу өнерінің маманы Н.М Қалиевтың «Қос жүзік», «Батырлар ұрпағы», «Бабалар үні», «Шешен ағаш», «Рухты қазақ», «Махамбет», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты туындыларымен таныстырылды.
Нұрсұлтан Қалиев ұлттық қолөнерді дамытуға және насихаттауға өз үлесін қосып, шығармашылық қызметін жалғастыруда.
Бүгінде дәстүрлі ағаш ою өнері қайта жанданып, шеберлер өз туындыларында заманауи үлгілерді қолдана отырып, ұлттық нақышты сақтауға тырысуда. Ағаштан жасалған ұлттық бұйымдар тек тұрмыстық зат ретінде ғана емес, қазақ мәдениетінің айқын көрінісі ретінде бағаланады.
Ағаш оюындағы әрбір өрнек – біздің ұлттық болмысымыздың, тарихи танымымыздың айнасы. Сол себепті бұл өнерді зерттеу, үйрену және оны келер ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.
Көрермен саны: 10. 1 ересек, 9 оқушы