2025 жылдың 24 сәуір күні сағат 18.00-23.00 аралығында Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Музейге саяхат» тақырыбында шара ұйымдастырылды.
«Музейге саяхат» атты шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – өнерді дәріптеу, ұмытылмас мерекені ұйымдастыру арқылы көпшілік назарын музей ісіне аудару, суретшілер мен қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында көпшілік назарына олардың туындыларын ұсыну.
«Музейге саяхат» барысында көрермендер музей залдарында түрлі шеберлік сағатына қатысып, тарихи тұлғалар кейпіндегі сахнагерлермен «Жанданған картина» жанында жүздесе алды. Бұл күнгі музейге саяхат жасаушылар витражды пленкаға сурет салу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, қолөнершілердің саз балшықтан құмыра жасау, гобелен тоқу, зергерлік өнер, қазақы киім нақышында шеберлік сағат, құммен сурет салу, портреттер салу, күміспен, киізбен, былғарымен, ағаш бұйымдарымен шеберлік сағаты бойынша қызықты жәйттердің куәсі болды. Бұдан басқа да көптеген қызықты, танымдық шаралар, «Музейлік QUEST» ойындары, витражды шыныға сурет салудан сайыс ұйымдастырылып, қатысушылр бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ал бұл күнгі кешіміздің басты қонағы Алматы қаласынан ҚР Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық көрмелердің қатысушысы Бекназаров Дәуренбек Доқтырбайұлы заманауи синтездік графика өнерінен шеберлік сағатын өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы айтты. Акцияның мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту. Осыған байланысты «Музейге саяхат» барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Атырау қаласындағы «Ait Gallery» өнер галереясының негізін қалаушы, Өнер диллері Кенжебек Айтхожиннің және бір топ қолөнер шеберлерінің қалдықтардан жасалған жаңа туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Әрбір жұмыс ерекше, жұмыстар үлкен ықыласпен және сүйіспеншілікпен дайындалған. Бұл бұйымдар, негізінен, тұрмыста, үй немесе саяжай тұрмысында қажетті қалдықтардан (пластик ыдыстардан, қаптардан, банкалардан, картон қағаздан және т.б.) немесе басқа жерлерде пайдаланылатын бұйымдардан, инсталляциялардан, мата қалдықтарынан, материалдардан жасалған. Аталған көрме көрерменін шығармашылыққа баулуға, эстетикалық танымдарын кеңейтуге, қоршаған ортаны қорғауға үйретуге және олардың экологиялық мәдениеттерін дамытуға ықпал етеді.
Салтанатты кеште Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әділғалиев Арман Бағытжанұлы сөз сойлеп, сәттілік тіледі.
Шара барысында «Тұмар», «Хафиз» би топтары, жаяу серуендеушілер (ходулисттер) өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар халқымыздың бай мұрасы – ұлттық киім үлгілері бойынша есімі елге танымал, дизайнер, қолөнер шебері Бану Гайдардың ұлттық киімдер әлеміне саяхат жаслды. Қазақтың ұлттық киімі – тек сән емес, бұл – тарих, салт-дәстүр мен ұлттың рухани құндылық көрінісі. Музейге саяхат жасаушылар «Музейлік QUEST» ойындарына қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды.