2025 жылдың 8 мамыр күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 9 мамыр - "Ұлы Жеңіске – 80 жыл" мерекесіне арналған «Ұмытпаймыз! Ұлықтаймыз!» атты музей қорындағы суретшілер туындыларынан көрме өтеді. Бұл шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Көрменің мақсаты — Отан үшін жанын қиған ерлердің ерлігін ұлықтау, бейбіт өмірдің құндылығын насихаттау.
1945 жылы 9 мамыр – бүкіл әлемге бейбітшілік сыйлаған, Ұлы Жеңіс күні. Биыл осы күнге 80 жыл толып отыр.
Ұлы Отан соғысы – халқымыздың басына түскен ең ауыр сынақтардың бірі болды. Бұл соғыста 27 миллионнан астам кеңес азаматтары қаза тапты. Қазақстаннан 1,2 миллионнан аса азамат майданға аттанып, олардың жартысынан көбі елге оралмады. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды ерлеріміздің ерлігі мәңгілік үлгі.
Бұл мереке – тек жеңіс тойы емес, бұл – естелік күні, тағзым күні. Соғысты көрмеген ұрпақ ретінде біз сол жеңістің қандай бағамен келгенін ұмытпауымыз керек.
Музей қорындағы Ә.Жантасовтың «Биіктік», «Соғыстың іздері. Жеңістің көз жасы»; Т.Халиннің «Соғыс психологиясы», «Мәңгілік үміт»; Ә.Баяндиннің «Бауыржан Момышұлы»; Қ.Амановтың «Отты жылдар» т.б суретшілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Көрмеде ұсынылған әрбір картина – бір-бір тағдырдың, отты жылдардың үнсіз куәсі. Олар бізге тарихты ұмытпау, болашақты бейбіт құру туралы үн қатуда.