2025 жылдың 16 мамыр күні сағат 18.00.-23.00 аралығында Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне» арналған «Музейдегі бір түн» тақырыбында салтанатты шара ұйымдастырылды.
Бұл күннің мақсаты: музейлердің мәдени және білім беру рөлін насихаттау, музей қорындағы туындыларды сақтау және қоғамның музейлерге деген қызығушылығын арттыру, жас суретшілерді қолдау мақсатында көпшілік назарына қылқалам шеберлерінің туындыларын ұсыну, қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау.
Халықаралық музейлер күні жыл сайын 18 мамырда атап өтілетін маңызды мәдени мереке. Оның бұл күні аталуының өзіндік себебі бар.
1946 жылы Халықаралық музейлер кеңесі құрылды. 1977 жылы кеңес шешімімен Халықаралық музейлер күні бекітілді. 1992 жылдан бастап бұл күн жыл сайын белгілі бір тақырыппен атап өтіледі. Мәселен 2009 жылы «Музейлер мен туризм», 2015 жылы «Музейлер мен қоғамның тұрақты дамуы» және тағы басқа атаулармен аталып келді. Ал биылғы жылы Халықаралық музейлер комитеті Халықаралық музейлер күнінің тақырыбын “Жылдам өзгеретін қауымдастықтағы музейлердің болашағы” деп бекітті. Бұл тақырып аясында музейлер қоғамның әлеуметтік дамуы мен технология, экология бағыттарындағы мәселелерді көтеретін болады. Экологияны таза ұстау және қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаны ластамай табиғатты қорғау – ортақ міндетіміз. Мерекелік кеште музей көрермендері осы тақырыптар аясында думанды сәттердің, шеберлердің қолынан шыққан, қалдықтан құндылыққа айналған небір туындылардың куәсі бола алды.
Бағдарлама барысында «Атырау ән-би» ансамблі концерттік бағдарламасы келушілер назарына ұсынылды. Сондай-ақ саз балшықтан құмыра жасаудан қолөнер шебері Нұрасыл Бейбітұлының шеберлік сағатымен қатар, қолөнер, кәдәсый буйымдарының жәрмеңкесі, витражды плёнкаға сурет салу, құммен сурет салу, Тұрмыстық қалдықтар арқылы жаңа туынды жасаудан қолөнер шебері, “Samal kids” балабақшасының “Бейнелеу өнері” пәнінің мұғалімі Турегалиева Жазира Марсқызының шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Музейге келуші меймандар музей залдарында арнайы дайындалған викториналық сұрақтарға қатысып, сыйлықтарға ие болды. Белсенді қатынасушыларға сыйлықтар табысталды. «Музейдегі бір түн» мерекелік түнінде Атырау қаласындағы «Ait Gallery» өнер галереясының негізін қалаушы, Өнер диллері Кенжебек Айтхожиннің бастамасымен Атырау қаласының жас қылқалам шеберлері Кунаковская Алина Николаевна, Бакаяков Алдияр Булатұлы, Турегалиева Жазира Марсқызы, Ким Карина Владимировна, Царан Арсений Альбертович, Шмаргунова Анжелика Викторовна, Гервилия Вероника Зурабовна, Хамбалов Абдукарим Ғабитұлы, Ахунбаева Диана Русланқызының туындыларынан ғажайып көрме ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғауға байланысты құрылған инсталияциялар арқылы көрермендердің қоршаған ортаға бей-жай қарамай, оны қорғау баршаның ортақ парызы екендігін сезіну мүмкіндігі берілді. Жас суретшілердің барлығы да өз қабілеттерін әр қырынан көрсете білген, бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгерген, өзіндік қолтаңбасы бар табиғи дарын иелері болып табылады. Бүгінгі көрме арқылы Атыраудың мәдени саласы, оның ішінде бейнелеу өнері жаңа бір қырынан танылғандай. Көрме негізінен Атырау облысының жас суретшілерінің шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналды. Салтанатты кеште Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфикұлы сөз сойлеп, 18 мамыр халықаралық музейлер күні мерекесімен құттықтады. Осы ретте Ш.Сариев өнер музейінде атқарылған іс-шараларда белсенділік танытқандығы үшін бір топ музей қызметкерлеріне алғыс хат табысталды.
#InternationalMuseumDay
#IMD2025