Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі арасында рухани және мәдени бағыттағы өзара ынтымақтастық орнаған. Бұл ынтымақтастық екі мекеме арасында жасалған өзара меморандум аясында жүзеге асырылып келеді. Меморандумның мақсаты — білім беру мен мәдениетті ұштастыру, шығармашылық жастардың әлеуетін дамыту, сондай-ақ аймақтағы өнер мен мәдениетті насихаттауға бірлесе атсалысу.
Осы келісімнің негізінде 2025 жылғы 10 маусым күні Ш.Сариев атындағы өнер музейінде колледждің «Өнер және мәдениет» бөлімінің бітіруші түлектері үшін мемлекеттік біліктілік емтиханы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Көркем еңбек» және «Көркем еңбек мұғалімі» мамандықтарының бітіруші курс студенттері өздерінің дипломдық шығармашылық жобаларын көпшілік назарына ұсынып, комиссия алдында қорғады.
Іс-шара шығармашылық атмосферада өтті. Емтихан барысында студенттер бейнелеу өнері, қолданбалы-сәндік өнер, ұлттық нақыштағы заманауи жобалар, педагогикалық әдістемелер және дизайн бағытындағы жұмыстарын ұсынды. Шығармашылық жобаларда халықтық дәстүр мен заманауи көркемдік ізденістің үндестігі көрініс тапты. Студенттердің жұмыстарынан олардың кәсіби біліктілігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі айқын байқалды.
Жалпы, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша колледжді төрт мамандық бойынша 157 студент бітіруде. Оның ішінде 16 бітіруші аталған мамандықтар аясында шығармашылық жобаларын сәтті қорғады. Комиссия құрамында музей мамандары, колледж оқытушылары және салалық кәсіби мамандар болды. Олар студенттердің жұмыстарын бағалап, бірқатар үздік жобаларды атап өтті.
Бұл іс-шара – тек қана оқу жетістігінің нәтижесі емес, сонымен қатар мәдени мекеме мен білім ордасының бірлескен жұмысының жемісі. Осындай шаралар жас буынды қолдауға, олардың шығармашылығын шыңдауға және болашақ кәсіби бағыттарын айқындауға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.