2025 жылдың 3 шілде күні Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Ұлттық домбыра күніне» арналған «Дала үні» тақырыбына музей қоры туындыларынан шығармашылық көрме өтті.
Көрменің мақсаты – қазақтың музыкалық мәдениетін насихаттап, ұлттық аспап – домбыраның қадір-қасиетін бағалау, асыл мұрамызды жас өскелең ұрпаққа суретшілердің туындылары арқылы жеткізу.
Қазақ халқының киіз үйі мен айтыс өнері, домбыра аспабы ЮНЕСКО тізіміне енген ең ежелгі мұралар ретінде белгілі. Ұлттық болмысты айшықтайтын құндылықтардың өзіндік мәні бар. Соның ішінде қазақтың қара домбырасының тарихы тереңде жатыр. Елімізде шілденің алғашқы жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Домбыра күні ұлттық аспапты ұлықтау күні ғана емес, елдің мәдени мұрасын насихаттайтын мерекеге айналды.
Домбыра – біздің тарихымыз, діліміз, салт-санамыз, тұрмыс-салтымыз. Оның ұлы қасиеті туралы кезінде әл-Фараби мен Абай бабамыз да айтқан. Рас, домбыра – қоңыр үнді аспап. Одан шыққан үн халықтың үні. Ол үн – тегеурінді күш, ұлтқа қайрат беретін, бірлік пен тұтастыққа шақырар ұран. Ол өзгерсе, халықтың мінез-құлқы өзгереді. Қытай елінің ежелгі әфсаналарының бірінде түрлі халықтың әуені сол халықтардың мінез-құлқымен астасып жататындығы, жауынгер түріктің күйлері ерлікке шақыратын ұран іспетті болып келетіндігі айтылған. Сондықтан арнайы Ұлттық домбыра күнін белгілеген қазаққа бұл киелі аспапты қалай әспеттесе де жарасады. Қазақтың мұңы мен қуанышын домбырадан артық ешбір аспап жеткізе алмайды десе болады. Домбыра ол – ән мен күй, ұлттық өнердің негізі осы аспаптан бастау алады.
Көрмеде Қабдол Досниязовтың «Домбыра туралы аңыз», Бақытнұр Бурдесбековтың «Домбыра-дастан», Ғалия Қожахметованың «Күй», Өмірбек Жұбаниязовтың «Жамбылдың домбырасы», Қамбарбек Амановтың «Күй атасы-Құрманғазы», Нұрлан Дәуренбековтың «Екі шекті» атты туындылар мен Нұрлыбек Бейсенбаевтың «Ойма домбыра», Мәзен Шакиевтің «Домбыра қобдиша», Нұрсұлтан Қалиевтің «Шешен ағаш» қолөнер еңбектері ұсынылды.
Көрмеге музей жанындағы Бейнелеу өнер студиясының оқушылары қатысты.
#ДомбыраКүні2025