2025 жылдың 4 шілде күні Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Астана күніне» арналған «Ел жүрегі-Астана» тақырыбына музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрменің мақсаты – Астана күніне орай белгілі қылқалам шеберлерінің жазған туындыларын Атырау тұрғындары мен қонақтарына таныстыру, мемлекеттік мейрамның шығу тарихы жөнінде мағлұматпен бөлісу.
Астана күні – мемлекеттік мереке. Әлемдегі үздік 30 қаланың тізіміне енген Астананың өзіндік тарихы бар. "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңда Астана күнін тойлау мерзімі 6 шілдеде белгіленген. Астана күнінің ел азаматтары үшін қоғамдық-саяси маңызды саналатын мемлекеттік мәртебесі бар.
ХІХ ғасырдың басынан бері тарихтағы өзгерістердің бастауы болған ескі қаланың жаңа мәртебеге сай болуы үшін келбетіне ерекше мән берілді. Астанада жаңа құрылыс жобалары жүзеге асырылды, жаңа астананың танымал символдарына айналған ғимараттар, атап айтқанда "Бәйтерек" монументі, Қазақстанның Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, "Астана" орталық концерт залы, "Хан-Шатыр" ойын-сауық орталығы салынды.
Бүгінде еңсесі биік, мәртебесі жоғары бас қаламыз қарқынды дамып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан көптеген этностардың айшықты символына айналғаны ақиқат. Бұл еуразиялық кеңістіктің орталығы, мәдениет, ғылым, инновациялық технологиялар орталығы, сондай-ақ халықаралық диалог алаңы болып табылады.
Көрмеде Исім Арыстановтың «Астана», Мұрат Рахметовтың «Арман қала», Әмина Қабесованың «Гүлденген Астана», Нұрсұлтан Қалиевтің «Бәйтерек», Төлеужан Оразғалидің «ЭКСПО-2017», Жоламан Аралбаевтың «Гүлденген өлке», Төлеужан Оразғалидің «Елім менің», Мұрат Исмагуловтың «Астана», Мирас Джангужиевтің «Астана» атты туындылары ұсынылды.
Көрмеге музей жанындағы Бейнелеу өнер студиясының оқушылары қатысты.