2025 жылы 23 қазанда Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «25 қазан – Республика күніне» арналған «Отаным-Қазақстан! тақырыбында музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрменің мақсаты – Республика күніне суретшілердің жазған туындыларын қала тұрғындары мен қонақтарға таныстыру, туындылар арқылы халыққа туған жерімізге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті дәріптеу.
25 қазан – елімізде Республика күні болып табылады. Мерекенің шығу тарихына үңілсек, Республика күні ұлттық мереке болып алғаш рет 1995 жылы 25 қазанда жарияланды.
2001 жылы республика күні ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып, мемлекеттік мерекелер санатына ауыстырылды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес елде Республика күнін мерекелеу тоқтатылды, ал 25 қазан жұмыс күні болды. Алайда, 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.
Республика күніне ұйымдастырылған көрмеде Қами Айтқалиевтің «Жаңарған өлке. Атамекен», Қуандық Мәдірдің «Аманат», Исім Арыстановтың «Қазыналы өлкем», Рахат Сапаралиеваның «Мәңгілік. Әнұран», Нұрсұлтан Қалиевтің «Бәйтерек», Бейбіт Бертаевтың «Шарықтау шегі», Жоламан Аралбаевтың «Гүлденген өлке», Тілек Халиннің «Жерұйық», Төлеужан Оразғалидың «Елім менің», т.б., музей қорында сақталған туындылары таныстырылды.
Көрмеге О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің I курс студенттері қатысты. Көрме барысында студенттер қызығушылық танытып, өзара сұрақ-жауап алмасты.
















