2025 жылғы қараша айының 6-ы күні Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Өңіржиек» атты зергер-шеберлер арасындағы республикалық online-симпозиум көрмесінің ашылу салтанаты өткізілді.
Бұл күн қазақтың ұлттық зергерлік өнерін ұлықтап, дәстүрлі мәдениетіміздің асыл мұрасын дәріптейтін ерекше күн! Өңіржиек – тек сәндік бұйым емес, қазақ қызының сұлулығын, ізеттілігін, мәртебесін айшықтайтын, ұлт мәдениетінің айғағы болған зергерлік туынды. Өңіржиек — қазақ қызының сән-салтанатын, оның әдептілігі мен тектілігін айшықтайтын зергерлік әшекей бұйым.
«Өңіржиек» атты бұл симпозиумның басты мақсаты — қазақ халқының көне дәстүрлі зергерлік өнерін жаңғыртып, заманауи қолөнер шеберлерінің шығармашылық ізденісін қолдау, ұлттық мұра мен мәдени құндылықтарды насихаттау, сонымен қатар, көрме арқылы өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту, қолөнер шеберлері арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау, зергерлік өнердегі ұлттық дәстүр мен этникалық нақышты сақтау.
Бүгінгі көрмеде еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан 9, жергілікті Атырау қаласынан 3, барлығы 12 зергер-шебердің туындылары ұсынылып отыр. Атап өтерлік мәселе осы симпозиум аясында өнер музейіндегі 9 экспозиция залының бірі қайта жаңғыртудан өтіп, зергерлік өнер залына айналды. Болашақта көздің жауын алар небір жауһар-жақұттармен зал іші толығатын болады.
Симпозиумға қатысушы зергер-шеберлер online-симпозиумның басталғандығы туралы хабарлама алған күннен, яғни 2025 жылғы мамыр айынан бастап, тапсырылған тақырып бойынша болашақ бұйымның 2 эскизін ұйымдастырушы тараппен алдын-ала келісу арқылы талдап, таңдалған нұсқамен өз шеберханаларында жұмыс жасауға кірісті. Бұйым дәстүрлі қазақ зергерлік өнері стилінде немесе заманауи интерпретацияда орындалуы тиіс болатын. Зергерлер бұйымға қойылатын техникалық талаптарды сақтауға міндетті саналды. Кеудеге тағылатын Өңіржиек әшекей бұйымы кемінде 3 қуыс тікбұрышты, төртбұрышты немесе сопақша пішінді пластинадан құралды. Пластиналар ішкі жағынан қаттылық беретін қабырға арқылы біріктірілген. Инкрустация жартылай бағалы тастармен жүргізілген. Симпозиумға 925 сынамалы күмістен жасалған тек қана авторлық жұмыстар қабылданды.
Республиканың әр өңірінен жеткен симпозиум туындыларынан жинақталған тың туындылар қойылған көрмені Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Өнердің ұлт болмысындағы орнын ұлықтап, киелі мұраның жалғастығына үлес қосып жүрген барша шеберлер еңбегі қашан да ұлықтауға лайықты іс. Симпозиумға қатысушы барлық зергер-шеберлерге сертификат және қаржылай стипендия берілді.
Салтанатты шарада ҚР Суретшілер Одағы Қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының төрағасы Шеруен Мұхтар Қабдығалиұлы сөз алып, қолөнер құндылығын ұлықтап жүрген республиканың түкпір-түкпірінен жинақталған және атыраулық зергерлерге шығармашылық табыс пен тың идеялар тіледі. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры бұрын болмаған тың жауһар жақұттары – 12 өңіржиек бұйымымен толықты. Музей меймандары көрмені тамашалап, қызығушылық танытты. Көрмені Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Атырау сервис колледжі, Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің студенттері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері және әртүрлі шетелдік компания өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
















