2025 жылғы 28 қараша күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті суретші-график Абаев Хасен Сейілханұлының шығармашылығына арналған “Түстегі жарылыстар” тақырыбында дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – жас ұрпақты ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығымен таныстыра отырып, эстетикалық талғамын дамыту, тарихи-көркем мұраларға қызығушылықты арттыру және рухани құндылықтарды насихаттау.
Хасен Сейілханұлы – қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар шебер. Ол Алматы көркемсурет училищесі мен Мәскеу полиграфиялық институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы баспа ісінде, көркемдік редакторлықта еңбек етіп, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы, халықаралық көркемөнер қорларының жетекшісі болған.
Іс-шараға Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысып, музей қорындағы суретшінің туындыларымен танысты. Оқушыларға автордың «Әмір ету», «Қаршығаның өлімі», «Әжемнің ертегілері» (Б.Майлин шығармасына иллюстрация), «Еңбек молшылығы» секілді жұмыстарын талдау арқылы суретшінің шығармашылық ерекшеліктері мен тарихи-көркемдік маңызы жан-жақты түсіндірілді.
















