2025 жылғы 2 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Темірге тіл, жанқаға жан бітірген» атты дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – музей көрермендеріне қазақ ұсталығы мен дәстүрлі зергерлік өнерін насихаттау, ұлттық шеберлердің шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру.
Шара барысында Қазақстан Суретшілер одағының, Дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері, атақты зергер Берік Әлібайдың қолөнер туындылары музей қорына қабылданғаны атап өтілді. Олардың ішінде қазақ жауынгерінің қару-жарақ жинағында — сауыт, дулыға, шынтақша, қалқан, шоқпар және айбалта ерекше орын алды.
Шара соңында оқушылар дәстүрлі қолөнерді сақтау, зерделеу және болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын түсінді. Ұсталық пен зергерлік өнердің ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі екені, оны дәріптеу арқылы жастардың тарихи санасы, эстетикалық талғамы және отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға мүмкіндік туатыны ерекше атап өтілді. Дәріс-сағат барысында ұсталық пен зергерліктің қазақ қоғамындағы әлеуметтік-мәдени рөлі, ауылдық тұрмыстағы маңызы, сондай-ақ бұйымдардың салт-дәстүрлермен байланысы жан-жақты талқыланды.
Дәріс-сағатқа Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.
















