2025 жылғы 8 желтоқсан күні Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Халықаралық суретшілер күніне» орай «Уақытқа бағынбаған» тақырыбында музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрменің мақсаты — өнердің алуан түрлілігімен танысуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру және суретшілер еңбегінің құндылығын айқындау. 2007 жылы «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық қауымдастығы бекіткен Суретшілер күні мәдениеттің, сұлулықтың және шығармашылық ойлаудың дамуына суретшілердің қосқан үлесін дәріптеуге арналған күн.
Экспозицияға музей қорындағы түрлі жанрлар мен көркемдік бағыттарда орындалған туындылар енгізілді: абстракциялар, экспрессионизм, реалистік және әлеуметтік-тұрмыстық портрет, декоративті-символикалық және жанрлық-психологиялық композициялар. Ұсынылған шығармалар форма, түс, ырғақ және автордың жеке көркем тілі арқылы оның ішкі әлемін ашады. Көрмеге енгізілген жұмыстардың қатарында: Кәрібай Сәдір Қөпжанұлының «Жылқы басы» (2010 ж.) туындысы — жануар образын түрлі-түсті жазықтықтар мен көпқырлылар жүйесі арқылы жеткізген геометриялық абстракция болып табылады. Наседкин Николай Алексеевичтің «Тон киген шопан» (1968 ж.) туындысы — дала еңбеккерінің реалистік әлеуметтік-тұрмыстық портреті. Рафаэль Слекеновтің «Бақытты балалық шақ» — наив өнері мен сюрреалистік пластика элементтері бар абстрактілі-символикалық композиция. Зұлқайнар Қожамқұловтың «Адай» атты еңбегі — домбырашы бейнесіне және күй энергиясына арналған экспрессионистік, жанрлы-символикалық туынды. Зура Асылғазинаның «Күтуде» атты еңбегі — әйел мен бүркіт бейнесі арқылы ішкі күш пен үмітті жеткізетін лирикалық сюрреализм туындысы болып табылады. Амандос Ақанаевтың «Мәңгілік әуен» атты туындысы — қобыздың киелі энергиясына арналған абстрактілі-символикалық композиция. Шәміл Гулиевтің «Мен — сенің күнiңмін» атты еңбегі — рухани туыстық, жарық пен қолдау туралы декоративті-символикалық жұмыс. Қабдол Досниязовтың «Операцияда» атты еңбегі — адамның әлсіздігі мен драматизмін ашатын экспрессионистік стильдегі жанрлық көрініс болып жазылған Жанна Дужнованың «Натюрморты» — түстік гаммаға бай және декоративті форма шешімімен ерекшеленетін әсерлі туынды. Көрме әртүрлі көркемдік тәсілдердің байлығын көрсетіп, уақытты — мағынасын және эмоциялық қуатын сақтап қала алатын өзгермес шығармашылық категория ретінде ашып көрсетеді.
Көрмені Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары тамашалап, ұсынылған туындыларға зор қызығушылық танытып, олардың көркемдік ерекшеліктерін белсенді талқылады.
Музей барлық суретшілерді мерекемен құттықтап, шабыт, шығармашылық жаңалықтар және мазмұнды мәдени тәжірибе тілейді. Көрме қонақтарды өнерге жаңа қырынан қарап, авторлық шығармалардың сан қырлы әлеміне терең үңілуге шақырады.
















