2025 жылғы 9 желтоқсанда Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 9 желтоқсан – «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай музей қоры туындыларынан «Шындықта жоқ шекара» тақырыбында шығармашылық көрме өтті.
Көрменің мақсаты – өскелең ұрпаққа, жастар мен үлкендер арасында сыбайлас жемқорлықсыз, таза сананы қалыптастыру және әділетті, заңды ұстанған қоғамды дәріптеу.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. Атаулы күнді 2003 жылдың 21 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялады. 2003 жылы дәл осы күні Мексикада қол қою үшін БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясы ашылды. Бас Ассамблеяның қарарында көрсетілгендей, осы халықаралық күнді құрудың басты мақсаты "...сыбайлас жемқорлық проблемасын және Конвенцияның сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы және оған қарсы күрестегі рөлін түсінуді тереңдету". Жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді белгілі бір тақырыппен атап өтуді ұсынады. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Әлемде конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуық мемлекет ратификациялады. Біздің еліміз Конвенцияны 2008 жылы ратификациялады. Биыл БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының қабылданғанына жиырма екі жыл толды. Ол осы зұлымдықпен күресудің тиімді және пәрменді құралы болып табылады.
Көрмеде Қ.Амановтың «Жемқорлық ел қасіреті», И.Арыстановтың «Қиял», О.Қарабалиннің «Жемқорлық», Н.Қалиевтің «Халықпен ашықтық», Б.Телеубайдың «Жемқорлық жойылсын», Талғат Қисметовтың «Өмір мен өкініш», Е.Дәукеновтың «Өзіңнен баста», Қ.Мендакуловтың «Ұрлық түбі - қорлық» (Судың да сұрауы бар) және тағы да басқа суретшілердің музей қорында сақталған туындыларына сипаттама берілді.
Көрмені қала тұрғындары, ерекше қажеттілікті қажет ететін жандар тамашалады. Көрме барысында қатысушылар қызығушылық танытып, өзара сұрақ-жауап алмасты.
















