2026 жылғы 22 қаңтар күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі жерлес суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Әділқайыр Жантасовтың шығармашылығына арналған «Көңілдің көкжиегін кеңейткен суретші» тақырыбында көрме өтті.
Көрме музей қорында сақталған суретшінің кескіндеме жанрындағы таңдаулы туындыларынан жасақталды. Экспозицияда Әділқайыр Жантасовтың көркемдік дүниетанымы, табиғат пен адам болмысына, өмірдің мәні мен рухани құндылықтарына деген философиялық көзқарасы кеңінен көрініс тапты.
Көрменің негізгі мақсаты – суретшінің шығармашылық жолын, өзіндік көркемдік қолтаңбасын және қазақ бейнелеу өнеріндегі орнын көпшілікке жан-жақты таныстыру болды.
Жантасов Әділқайыр Пангерейұлы 1958 жылы Атырау облысы, Индер ауданында дүниеге келіп, 2021 жылы өмірден өтті. Ол Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында ұстаздық етіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін жас ұрпақты өнерге баулып өтті.
Суретшінің шығармалары терең мазмұнымен, нәзік лиризмге толы сезімталдығымен және бояу тілінің кең тынысымен ерекшеленеді. Оның туындыларында ұлттық рух, тарихи жады, тұлға тағдыры мен уақыт философиясы көркемдік тұрғыда сабақтасып жатады.
Көрмеге суретшінің «Абай лирикасы», «Кешкі мезгіл. Жаңбырдан соң», «Исатай-Махамбет алаңы», «Фариза мұңы», «Фариза поэзия үні», «Соғыстың іздері. Жеңістің көз жасы», «Абайдың қара сөзі», «Абай», «Суретші Қ. Досниязовтың бейнесі», «Биіктік» атты таңдаулы туындылары қойылды.
Аталған көрме өнер сүйер қауымға ерекше эстетикалық әсер сыйлап, музей қорында сақталған көркем туындыларды жаңаша қырынан танып, суретшінің бай шығармашылық мұрасын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
















