2026 жылғы 15 қаңтар күні Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Республикасының көркем мәдениеті өкілдерінің бірі, суретші Анатолий Бажановтың өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – тыңдаушыларды суретшінің өмірбаяны мен шығармашылық мұрасымен таныстыру, сондай-ақ оның Батыс Қазақстандағы бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесін көрсету.
Анатолий Бажанов 1946 жылғы 16 қаңтарда Уфа қаласында (РСФСР, КСРО) дүниеге келген. 1959 жылы Қазақстанға, Атырау қаласына қоныс аударып, бұл қала оның өмірі мен шығармашылық қызметінің негізгі орталығына айналды. Мұнда ол В. И. Ленин атындағы №1 орта мектепті тәмамдады. Суретшінің шығармашылығы негізінен кескіндеме саласына жатады. Анатолий Бажанов өз еңбектерінде туған өлкенің табиғатына, Жайық өңірі мен Ақжайықтың көркем келбетіне ерекше көңіл бөлді. Ол дала кеңістігінің, су мен аспанның үйлесімін шебер жеткізіп, сондай-ақ өңірдің тұрмысы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне байланысты күнделікті өмір көріністерін бейнеледі. Суретшінің туындылары Батыс Қазақстанның табиғаты мен өміріне арналған өңірлік көрмелерде бірнеше рет көрсетіліп, онда ол түс, жарық және образдардың қарапайымдылығы арқылы жергілікті болмысты айқын таныта білді.
Музей қорында Анатолий Бажановтың «Жайық жағасында балық аулау маусымы», «Каспий жағасында», «Мұра», «Күннің батуы» атты шығармалары сақтаулы.
Өткізілген дәріс-сағат музейдің ағартушылық қызметінің маңызды бөлігіне айналып, тыңдаушыларға Атырау өңірі мен жалпы Қазақстанның табиғаты мен мәдени ортасын көркемдік тұрғыдан бейнелеуге елеулі үлес қосқан суретшінің шығармашылығын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
















