2026 жылғы 17 ақпан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі, белгілі қылқалам шебері Қамбарбек Амановтың 75 жылдық мерейтойына орай «Кенептегі шежіре» тақырыбында музей қоры туындыларынан көрме өткізілді.
Көрменің мақсаты — суретшінің көпжылдық шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, музей қорында сақталған таңдаулы еңбектер арқылы оның қазақ бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесін айқындау, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды көркем өнер тілімен насихаттау, сондай-ақ, көрермендердің эстетикалық талғамын қалыптастырып, жас ұрпақтың мәдени мұраға және бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру.
Көрмеге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қылқылам шеберлері, ұстаздары Аманов Қамбарбек Хасенұлы, Утаралиев Айса Бахтиярұлы, Рахметбеков Жексенбек Салықұлы, Мажитов Мырзатай Исатайұлы, Әлжанов Ғаділбек Мұратұлы, Шәріп Еркебұлан Жұмаденұлы және сонымен қатар университеттің өнер факультетінің студенттері мен Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің студенттері қатысты.
Көрме аясында «Күй атасы - Құрманғазы», «Күй анасы - Дина», «Ш. Қалдаяқов портреті», «Уақыт ағысы», «19 ғасырдағы қазақ жанұясы», «Абай-ойшыл», «Өнер-музейі», «Бүркітші қыз», атты картиналары көрермендерге таныстырылды.
Көрме соңында қылқалам шеберіне музей атынан алғыс хат табыс етілді.
Көрме студенттер мен оқытушыларға, өнерсүйер қауым үшін ерекше әсер қалдырып, шығармашылық шабыт пен тамаша көзқарас сыйлады.
















