2026 жылғы 19 ақпанда Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Графика сыры мен сиқыры» атты дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – графика тарихымен, оның негізгі түрлері және әдістерімен танысу, сондай-ақ өнердің осы түрінің ерекшеліктерін ашу. Дәріс-сағат барысында графика сызыққа, жанасуға және тонға негізделген көркемдік өрнектің ең көне тәсілдерінің бірі екендігі атап өтілді. Графика мен кескіндеменің арасындағы айырмашылық, оның нақтылығы және шығармаларды көбейту мүмкіндігі көрсетілді.
Дәріс-сағаттты тыңдаушылар графиканың дамуын ежелгі дәуірден Ренессанс дәуіріне дейінгі аралығындағы бейнелерден көрді. Соның ішінде Альбрехт Дюрердің шығармашылығы ерекше орын алады. Сондай-ақ, Рембрандт және Франциско Гойяның офорт техникасындағы жұмыстары талқыланды.
Дәріс-сағатқа Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері мен Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледж студенттері қатысты. Қатысушылар тақырыпқа қызығушылық танытып, талқылауға белсенді қатысты.
















