2026 жылғы 6 мамыр күні Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақ руханиятының алтын қорына айналған, ұлт өнерінің асқар тұлғасы – ҚР Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері Илья Жақановтың мерейлі 90 жасына арналған «Жақанов әлемі: фотошежіре» атты фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Нағыз өнер – жан азығы, көз бен көңіл қуанышы. Музыка және сурет өнері. Ал осынау екі бірдей жұмбақ сырға толы әлемді құстың қос қанатындай игерген дарын иелері жер бетінде көп емес. Солардың бірі де бірегейі – қазақ өнертану ғылымының, қазақ ән өнерінің абызы, хас шебері Илья Жақанов. Бұл көрме – бір ғана адамның ғұмырнамасы емес, бұл – тұтас бір дәуірдің, тұтас бір рухани әлемнің көркем шежіресі.
Шараның мақсаты: Өнер қайраткері, композитор, жазушы, музыка зерттеушісі, этнограф, аудармашы, суретші, қазақтың ұлттық өнері мен әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан, шығармашылық тұлға Илья Жақановтың сан қырлы өмірінің өнегесін жас ұрпаққа таныстырып, ұрпақ бойына сіңіру және дәріптеу. Өмірі мен шығармашылық жолын кешенді түрде таныту, тұлғаның рухани әлемін көркем бейнелер арқылы көпшілікке ұсыну, ұлттық өнерге деген құрмет пен тағзымды арттыру. Илья Жақанов есімін ұлықтау және өнертанушы, суреткер тұлғаның түрлі тақырыптардағы фотосуреттері топтамасы арқылы жастардың елге, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін күшейтіп, жастар бойында патриоттық рухты арттыру.
Илья Жақанов 1936 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. С. М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Илья Жақанов ҚазССР Министрлер Кеңесінің теледидар мен радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде еркін шығармашылықпен айналысуда. И.Жақановтың әндері жастар арасында жақсы танымал. Ол "Алматы кешінде", "Асылым", "Жайлаукөл кештері" және т. б. әндердің авторы, "Екі жирен", "Бірінші концерт" әңгімелер жинағының, "Аққулар қонған айдын көл", "Ықылас" романының, музыка және музыканттар туралы зерттеулердің авторы. Бұған дейін журналистік, жазушылық, композиторлық қырымен кеңінен танылған Қазақстанның және Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов бала кезінен сурет салып келеді. Өзінің айтуынша, қазақ даласының таңғажайып кереметтерін әнмен жеткізіп, кейін қолына қылқалам алып, майлы бояумен сурет салады. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері және дизайн факультетінде білім алған. Илья Жақанов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, 78 жасында суретшілік мамандықты меңгеріп шыққан. Оның дипломдық жұмысы «Жерұйық» деген атпен топтама ретінде салынды. 1994-1998ж.ж. Қазақстан мен Қырғызстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», 2004 жылы «Парасат» орденінің иегері, 2004 жылы Қырғызстан Республикасының «Дәнекер» орденінің иегері, 2019 жылы «Отан» орденінің иегері. 2022 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері», Ұлттық музыка академиясының Құрметті профессоры, Ж.Жабаев, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Әлеуметтік ғалымдар академиясының, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі, Мемлекеттік өнер академиясының философия ғылымының докторы, Атырау, Орал, Ақтөбе, Көкшетау қалаларындағы мемлекеттік университеттердің құрметті профессоры. Илья Жақанов Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Мұқан Төлебаев, Бауыржан Момышұлы медальдарымен марапатталған. Илья Жақанов КСРО Журналистер Одағының, КСРО Жазушылар Одағының, Қазақстан музыка қайраткерлері одағының, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Суретші туындылары Ш.Сариев атындағы Өнер музейі қорында сақталған.
Кеш барысында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы көрменің ашылуымен құттықтап, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан әрі құттықтау сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Құлкенов Мереке Әбдешұлы және Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтешов Мұрат Сақтайұлы жүрек түкпіріндегі сырын суретпен ән әлеміне сыйғызған өнер иесіне шын жүректен шыққан тілектерін арнады. Салтанатты шараның қорытынды сөз кезегі Илья Жақановқа берілді.
Көрмеге келуші көрермендер тілек кітапшасына жүрекжарды лебіздерімен қолтаңба қалдырып, 90 жас өмір белесінен фотолар жинақталған фотоальбомды және Сариев өнер музейінің 5 залына орналасқан кескіндеме, графика туындыларын, сондай-ақ 8 бөлімнен құралған 450 фотодан тұратын фотокөрмені тамашалады.
















