2026 жылғы 18 мамыр күні сағат 17:00-ден 22:00-ге дейін Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Халықаралық музейлер күніне» арналған «Музейге саяхат» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – музей қызметін насихаттау, ұлттық өнер мен мәдени мұраны сақтау және дамыту, қоғамның музейлерге деген қызығушылығын арттыру, бейнелеу өнері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне қолдау көрсету, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени демалыс ұйымдастыру болды.
Халықаралық музейлер күні жыл сайын 18 мамырда аталып өтеді және мәдени саладағы маңызды күндердің бірі болып саналады. Бұл мереке әлем музейлерін біріктіріп, олардың тарихты, өнерді және рухани құндылықтарды сақтаудағы маңызды рөлін айқындайды. Музейде өткен мерекелік кеш аясында музей келушілерге ұлттық дәстүрлерді, шығармашылықты, заманауи интерактивті форматтарды және отбасылық демалысты ұштастырған мазмұнды бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде музей қызметкерлерін Халықаралық музейлер күнімен құттықтады. Олардың мәдени саланы дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, іс-шара соңында музей қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады.
Іс-шараның басынан бастап музей аумағында фотозоналар, көрме және қолөнер алаңдары жұмыс істеді. Қонақтар ұлттық қолөнер бұйымдарымен, сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен және көркем композициялармен танысып, тақырыптық фотосессияларға қатысып, мерекелік бағдарлама кейіпкерлерімен суретке түсті.
Бағдарламада ерекше орын алған каллиграфия аймағында каллиграфия шебері Әйгерім Жақиева келушілердің өтініші бойынша әсем жазулар, есімдер мен естелік мәтіндер жазып, оларды көркем каллиграфиялық туындыға айналдырды. Қонақтар жеке жазуларға тапсырыс беріп, сәнді өрнектелген мәтіндердің жасалу үдерісін тамашалады.
Келушілер үшін түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды: Салтанат Елеусінова өткізген тоқу өнері бойынша, сондай-ақ Әдила Қуандыкова, Салтанат Елеусінова және Гүлзира Хайруллина жетекшілігімен ұршықпен иіру бойынша шеберлік сағаттары өтті. Қолөнер шебері Майра Хайрошева киіз басу бойынша шеберлік сағатын ұсынды. Сонымен қатар Талғат Макуовтың өткізген шеберлік сағатында саз балшықтан құмыра жасауға қатысып, керемет көріністің куәсі болды. Келушілер қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтың ағаш өңдеуден, Елшат Қазиеваның құммен сурет салудан және Исім Арыстановтың портреттік кескіндеме бойынша шеберлік сағаттарына қатысты. Олар тек бақылап қана қоймай, шығармашылық үдеріске белсене араласты.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын «Тірілген картиналар» интерактивті алаңы тудырды. Онда театр әртістері тарихи тұлғалар мен әйгілі көркем туындылардың бейнелерін сомдады. Қонақтар әртістермен еркін әңгімелесіп, интерактивті көріністерге қатысып, естелік суреттерге түсті.
Кеш бойы мерекелік көңіл-күйді ходулист әртістердің қойылымдары, пантомима көріністері, музыкалық және театрландырылған бағдарламалар толықтырды. Бағдарламаның жарқын сәттерінің бірі – иллюзионист-фокусник Нұрмұханның интерактивті нөмірлер топтамасы болды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында балалар үшін арнайы эко-аймақ ұйымдастырылып, Қуанышбаева Айнель Аманжолқызының жетекшілігімен қатысушылар қайта өңделетін материалдардан шығармашылық бұйымдар жасады. Бұл алаңның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарауды үйрету және жас ұрпақтың шығармашылық ойлау қабілетін дамыту болды.
Қазақ қызының көркі — бұрымында, әдебі — болмысында. Қазақтың бұрымды қызы — ұлттың нәзіктігі мен көркем тәрбиесінің символы. Халқымыз ерте заманнан қыз баланың шашын ерекше қастерлеп, ұзын бұрымды шаш сұлулықтың белгісі деп таныған. Қос бұрым қазақ қызының ибалығы мен әдептілігін, ұқыптылығы мен жарасымды мінезін айқындаған. Қазақ қызы әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болған. Ұлттық киім киіп, шашына шашбау тағып, бұрымын өріп жүру — халқымыздың бай мәдениетінің көрінісі. Бүгінде бұрымды қазақ қызы ұлттық болмысты сақтап, салт-дәстүрді жалғастырушы ұрпақтың өнегелі бейнесі ретінде бағаланады. Көрме барысында «Қазақ киімдері» сән үйінің басшысы, дизайнер Абілдаева Лаура Адайқызының жетекшілігімен «БҰРЫМДЫ АРУЛАР» шеруі көрсетілді.
Сонымен қатар көрермендер сабын көпіршіктері шоуын, ойын-сауық интерактивтерін және шығармашылық қойылымдарды тамашалады.
Қонақтар түнгі QUEST-ойынға қатысып, логикалық, тарихи және ізденіс тапсырмаларын орындады. Бұл ойын командалық өзара әрекеттестікті дамытуға және танымдық қызығушылықты арттыруға бағытталды. Сағат 21:00-де музей аумағында ашық аспан астындағы кино көрсетілімі өтіп, көрермендер «Круэлла» фильмін тамашалады.
«Музейге саяхат» іс-шарасы қала тұрғындары мен қонақтарына өнер мен шығармашылық атмосферасына еніп, ұлттық дәстүрлермен танысуға және музейді заманауи форматта жаңа қырынан ашуға мүмкіндік берді.
















