“ШЕБЕРFEST – 2026” аясында 2 мыңнан астам авторлық бұйым өтті
“ШеберFEST – 2026” — ұлттық өнер мен рухани мұраны ұлықтап, ата-баба дәстүрін келер ұрпаққа дәріптеген тағылымы мол халықаралық мәдени алаңға айналды. Фестивальдің екінші күні де мазмұнды бағдарламалармен жалғасып, атыраулықтар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Фестиваль аясында киіз басу, алаша тоқу, зергерлік бұйымдар жасау, тері және ағаш өңдеу, қыш құмыра дайындау, тоқыма тоқу сынды ұлттық қолөнер түрлерінен халықаралық деңгейдегі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Әлемнің әр түкпірінен келген қолөнер шеберлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, көне өнердің қыр-сырын көпшілікке паш етті.
Шара барысында келушілер шеберлердің көз алдында дайындалған бірегей туындылармен танысып қана қоймай, ерекше талғаммен жасалған эксклюзив бұйымдарды сатып алып, арнайы тапсырыстар беруге мүмкіндік алды. Әрбір бұйым — ұлттық нақыш пен шебер қолтаңбаның үйлесімінен туған қайталанбас өнер туындысы.
“ШЕБЕРFEST – 2026” ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Фестиваль соңында қатысушылар Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Қолөнер шеберлері фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, өз ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, “Музейге сый” акциясы аясында шеберлер Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің алтын қорына өз коллекцияларындағы құнды жәдігерлерді тарту етті. Бұл — ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға қосылған үлкен үлес болды.
Фестиваль-көрмеге 4 мыңнан астам қолөнер туындысы қойылып, соның 2 мыңнан астамын келушілер сатып алған. Ал екі күнге созылған ауқымды мәдени шараға 8 мыңнан астам адам қатысып, “ШеберFEST – 2026” Атыраудың мәдени өміріндегі ең жарқын әрі тағылымды өнер мерекелерінің біріне айналды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған халықаралық фестиваль қолөнердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтқан үлкен рухани көпір болды.
















