«ШеберFEST - 2026» Халықаралық фестиваль аясында ұйымдастырылған ұлттық ойындар көрерменге ерекше серпін сыйлап, қазақ халқының бай мұрасы мен қайсар рухын айқын көрсетті. «Бейбарыс алаңында» өткен сайыстарда қатысушылар тек күш сынасып қана қоймай, ептілік пен төзімділіктің, батылдық пен бірліктің шынайы үлгісін танытты.
Қой көтеру сайысы – ер жігіттің қайраты мен жігерін айқындайтын ежелгі дәстүрдің жарқын көрінісі болды. Бұл додада өз күшіне сенген азаматтар бақ сынап, ең төзімді әрі қайратты қатысушы жеңімпаз атанып, көтерген қойды олжасына айналдырды.
Ләңгі тебу ойыны жастар мен балаларды ерекше қызыққа бөледі. Ептілік пен үйлесімділікті талап ететін бұл сайыста шапшаң әрі икемді қатысушылар топ жарып, өз шеберліктерін дәлелдеді.
Қол күресі де тартысты өтті. Қатысушылар өзара әдіс-тәсіл мен күшті ұштастыра отырып, нағыз мықтыларды анықтады. Гір тасын көтеру сайысы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Күш пен төзімділікті сынға салған жарыста қатысушылар өз шеберліктері мен қарым-қабілеттерін көрсетіп, тартысты дода көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ұлттық ойындар – тек жарыс емес, ол ұлт рухын көтеретін, дәстүрді жаңғыртатын, ұрпақты батылдық пен төзімділікке тәрбиелейтін асыл қазына. Осы сайыстар арқылы фестиваль қонақтары халқымыздың күш пен рухқа толы мәдениетіне тағы бір мәрте куә болды. Отправлено из мобильной Почты Mail.ru
















