22 мамыр күні «Creative Hub Atyrau» шығармашылық орталығында халықаралық шеберлік сағаттары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық өнер мен қолөнерді дәріптеген мазмұнды кездесу өтті. Шара барысында шетелдік және отандық қолөнер шеберлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, келушілерге ұлттық өнердің қыр-сырын танытты.
Атап айтқанда:
– Қырғызстан Республикасынан келген қолөнерші, дәстүрлі білімді зерттеуші Капалова Бактыгүл Абдыкадыровна құрақ құрау өнерінің ерекшеліктерін таныстырып, қатысушыларға ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасаудың әдіс-тәсілдерін көрсетті;
– Өзбекстан Республикасындағы Риштан халықаралық керамика орталығының мүшесі Назиров Мухаммадйёр Бахтиёр угли ұлттық керамика өнері бойынша шеберлік сағатын өткізіп, қыш өнерінің ежелгі дәстүрлері мен заманауи бағыттарын түсіндірді;
– Ресей Федерациясынан келген Гречкина Оксана Александровна саз балшықпен жұмыс жасау техникасын үйретіп, қатысушыларды шығармашылық тәжірибеге баулыды;
– Алматы қаласынан келген шебер Гүлназым Өмірзақ бізкесте өнерінің қыр-сырымен бөлісіп, ұлттық қолөнердің нәзік үлгілерін дәріптеді.
Шеберлік сағаттарына қатысушылар әр бағыт бойынша тәжірибе алмасып, қолөнердің сан түрлі әдістерін меңгеруге мүмкіндік алды. Шара барысында ұлттық мәдени мұраны сақтау, жас ұрпаққа насихаттау және халықаралық шығармашылық байланысты нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Шетелдік және отандық шеберлер құрақ құрау, ұлттық керамика, саз балшықпен жұмыс жасау, бізкесте өнері бағыттары бойынша арнайы дәрістер өткізіп, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Көпшілік шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қолөнер арқылы халықтар арасындағы мәдени байланыстың арта түскенін жеткізді.
















