2026 жылғы 11 маусымда Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Атырау қаласындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында «Музейлік QUEST» байқауы өтті. Интеллектуалды-шығармашылық сайысқа өңірлік және республикалық жетекші БАҚ өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің баспасөз қызметтерінен барлығы 15 қызметкер қатысты.
Музейлік «QUEST»-тің мақсаты — музей қорындағы құнды туындыларды кең аудиторияға таныту және музей кеңістігіне қызығушылықты арттыру; қатысушылардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер әлемі туралы білімін тәжірибелік және шығармашылық тапсырмалар арқылы кеңейту; коммуникативтік дағдылар мен көшбасшылық қабілеттерді дамыту; ортақ мақсатқа жету жолында тиімді команда болып жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру; шығармашылық ойлауды ынталандыру, жан-жақты даму мен мәдени мұра арқылы қатысушылардың бірлігін нығайту.
Қатысушыларға музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы құттықтау сөз сөйлеп, барлық командаларға сәттілік, жарқын әсерлер мен әділ бәсекелестік тіледі. Ол мәдениет, өнер және тарихи мұраны насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің маңызды рөлін атап өтті.
Байқауға қатысу үшін әрқайсысы үш адамнан құралған бес команда жасақталды. Командалар құрамына «Atyrau» облыстық телеарнасы, «Прикаспийская коммуна» газеті, «Atyrau Press» медиаплатформасы өкілдері, Атырау облысындағы республикалық телеарналардың меншікті тілшілері, сондай-ақ Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшылары енді.
«Музейлік QUEST» байқауы бес кезеңнен тұрды, олардың шарттары қатысушыларға алдын ала түсіндірілді:
Quest («Тез тап») – командалар берілген уақыт ішінде музей залдарындағы экспонаттар мен өнер туындыларына қатысты сұрақтардың жауаптарын іздеді. Бұл кезең мұқияттылықты, бақылағыштықты және топпен жұмыс істеу қабілетін талап етті.
«Интеллектуалдық академия» – мәдениет, өнер, тарих, Қазақстан Республикасының Конституциясы және белгілі суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар логикалық тапсырмалар ұсынылды.
LED-экрандағы викторина – экранда көрсетілген сұрақтарға уақыт ішінде жауап беріліп, арнайы параққа жазылды. Бұл кезең ұжымдық ойлау мен жедел шешім қабылдау қабілетін бағалады.
Пазл құрастыру сайысы («Кім жылдам?») – музей қорындағы белгілі туындылар бейнеленген пазлдар құрастырылды. Жылдамдық пен дұрыстық негізгі өлшем болды.
Көркемөнер бойынша шығармашылық тапсырма – қатысушылар музей залдарындағы бір туындыны таңдап, сол туындыны А3 қағаз бетіне түсіреді. Бұл кезеңде шығармашылық қабілет пен көркемдік ойлау бағаланды.
«Музейлік QUEST» барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері музей экспонаттарымен жақынырақ танысып, өнер саласындағы білімдерін кеңейтіп, логикалық ойлау, есте сақтау және коммуникациялық дағдыларын дамытты. Тәжірибелік тапсырмалар қатысушыларға өңірдің мәдени мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға белсенділік, шығармашылық көзқарас және командалық рух үшін алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар берілді.
«Reply» тобы -«Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі СММ және контент бөлімі командасы және «105-элемент» тобы – «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Прикаспийская коммуна» газеті журналистері 30 мың теңгеден ынталандыру сыйақысымен және сертификаттармен марапатталды.
III орын алған «Алаш аруы» тобы – Атырау облысы басқармаларының баспасөз хатшылары командасы 90 мың теңге көлеміндегі сертификат пен дипломға ие болды.
II орын иегерлері «Қара шаңырақ» тобы - «Atyrau» облыстық телеарнасы командасы 120 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
Ал I орын алған «Меншікті тілшілер» тобы – Республикалық телеарналардың Атырау облысындағы меншікті тілшілер командасына 150 мың теңге көлеміндегі сертификат және диплом табысталды.
БАҚ өкілдері іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, оның танымдық сипатын, әділ бағалауын және қызықты форматын атап өтті. Қатысушылардың пікірінше, музейлік «QUEST» кәсіби қарым-қатынас, шығармашылық өзін-өзі көрсету және өңірдің бай мәдени мұрасымен танысу үшін тиімді алаң болды.
Өткізілген байқау заманауи интерактивті форматтардың музей құндылықтарын насихаттап қана қоймай, қатысушылардың зияткерлік, шығармашылық және командалық қабілеттерін дамытуға ықпал етіп, қоғам мен өнер арасындағы байланысты нығайтатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
















