2026 жылғы 3 шілдеде Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Астана күніне орай «Кенептегі Астана келбеті» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге музей қорында сақталған кескіндеме туындылары ұсынылды.
Көрменің мақсаты – Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарын елорда тақырыбына арналған белгілі қазақстандық суретшілердің шығармаларымен таныстыру, сондай-ақ Астана күні мерекесінің қалыптасу тарихы туралы мағлұмат беру.
Қазақстанда Астана күні жыл сайын 6 шілдеде аталып өтеді. Бұл мереке мемлекеттік мәртебеге ие және тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірін айшықтайды. Елорданы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім 1994 жылғы 6 шілдеде қабылданса, 1998 жылы қалаға Астана атауы берілді. Қысқа уақыт ішінде елорда еліміздің саяси, мәдени және сәулет өнерінің заманауи орталығына айналып, тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуының символы болды.
Көрме барысында келушілер Астананың көркем келбеті мен сәулеттік ерекшеліктерін бейнелейтін кескіндеме туындыларымен танысты. Атап айтқанда, И. Арыстановтың «Астана», М. Рахметовтың «Арман қала», А. Кабесованың «Гүлденген Астана», Н. Калиевтің «Бәйтерек», Т. Оразғалидың «ЭКСПО-2017», «Елім менің», Ж. Аралбаевтың «Гүлденген өлке», М. Исмағұловтың «Астана», М. Жангужиевтің «Астана» және музей қорындағы өзге де шығармалар көпшілік назарына ұсынылды.
















