2026 жылғы 10 шілде күні Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейімен бірлескен іс-шаралар аясында П.М.Догодин атындағы «Астахань мемлелекеттік картиналар галериясы» АҚ мемлекеттік бюджеттік мәдениет мекемесі «Искусства народов мира в Астрахани» тақырыбында виртуалды online көрмені ұсынады
Онлайн көрменің мақсаты – Каспий маңы өңірінің мәдени мұрасын насихаттау, балықшылық дәстүрлері туралы тарихи жадты сақтау, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің балықшылар еңбегі мен еліміздің су байлығына арналған туындыларын кең аудиторияға таныстыру.
Экспозицияға балық шаруашылығының Қазақстан тарихы, мәдениеті мен экономикасындағы маңызын ашып көрсететін кескіндеме туындылары топтастырылды. Қазақстан Каспий және Арал теңіздері, Балқаш көлі, сондай-ақ көптеген өзен-көлдерге бай ел. Бұл су айдындары ғасырлар бойы халықтың тұрмыс-тіршілігінің, ырыс-берекесінің қайнар көзі болып келді. Балықшылық елдің шаруашылық қызметінде маңызды орын алып, бүгінгі күні де дәстүрді сақтай отырып, заманауи аквамәдениет технологиялары арқылы дамып келе жатқан экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылады.
Көрмені Аманжол Мүсәлімовтың «Атырау балықшылары» атты картинасы ашады. Туындыда атыраулық балықшылардың күнделікті еңбегі бейнеленген. Суретші көгілдір-көк түстер үйлесімі мен динамикалық композиция арқылы балық аулау кәсібінің күрделілігін жеткізіп, балықшылардың шеберлігі, тәжірибесі және ұрпақтар сабақтастығын айшықтайды.
Экспозицияны Камила Жапалованың «Балықтар әуені» атты символикалық-анималистік жанрдағы шығармасы жалғастырады. Қанық түстермен және қозғалысқа толы бейнелермен салынған он бір балықтың көрінісі суасты әлемінің поэтикалық бейнесін жасап, табиғаттың үйлесімін көрсетеді.
Көрмеде Рашид Құлбатыровтың «Жайық балықшылары» картинасы ерекше орын алады. Онда Жайық өзеніндегі ауланған балықты сұрыптау сәті бейнеленген. Жарықтың, тынық су бетінің және балықшылардың еңбек көріністерінің үйлесімі өмірін балықшылыққа арнаған жандардың еңбегіне деген құрмет сезімін жеткізеді.
Ұжымдық еңбек тақырыбын Ғани Баяновтың «Балық қабылдау айлағы» туындысы жалғастырады. Суретші ауланған балықты өткізу үдерісін, балықшылар мен айлақ қызметкерлерінің бірлескен еңбегін көрсете отырып, бірлік, өзара көмек және еңбекқорлық құндылықтарын ашады.
Экспозицияны Малик Қайдаровтың «Балықтары бар натюрморт» туындысы түйіндейді. Суретші балық, нан, пияз және балықшы тұрмысының заттары арқылы адамның табиғатпен және өз еңбегінің нәтижесімен байланысын көрсетеді.
Көрме Балықшылар күні тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар су экожүйелеріне ұқыпты қараудың, табиғи ресурстарды сақтаудың және Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды бөлігі болып табылатын көпғасырлық балықшылық дәстүрлерін құрметтеудің маңызын еске салатын күн екенін айқындайды.
















