2026 жылғы 4 тамызда Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Суға өскен сұлулық» атты онлайн-көрме өтті.
Онлайн-көрменің мақсаты — Каспий маңы өңірінің табиғи және мәдени мұрасын насихаттау, Атырау облысының бірегей экожүйелеріне назар аударту, сондай-ақ лотос алқаптарының сұлулығынан шабыт алған қазақстандық суретшілердің туындыларымен кең аудиторияны таныстыру.
Экспозиция өңірдегі сирек кездесетін табиғи құбылыстардың бірі — Құрманғазы ауданы аумағындағы Қиғаш өзенінің атырауында өсетін қызғылт лотостың гүлденуіне арналған. Бұл өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және табиғи жағдайда тек жылы климат пен тұнық, баяу ағынды суларда ғана өседі. Шілде айының ортасынан тамыз айының соңына дейін жалғасатын лотостың гүлденуі су айдынын көркем кеңістікке айналдырып, туристерді, фотографтарды және табиғат зерттеушілерін тартады.
Көрмені Нұрлан Әбишевтің «Лотос» атты пейзаж жанрындағы туындысы ашады. Суретші табиғат үйлесімін еркін композиция мен қанық колорит арқылы жеткізеді. Су бетінде қалқып тұрған қызғылт гүлдер композициялық орталыққа айналып, жасыл, көгілдір және күлгін реңктердің үйлесімі тереңдік, салқындық және тыныштық сезімін тудырады.
Экспозицияны Ғалымжан Бақтиярдың «Лотосқа апарар жол» атты жұмысы жалғастырады. Бұл туындыда Қиғаш өзенінің табиғи келбеті мен оған іргелес лотос алқаптары бейнеленген. Көкжиекке ұласқан өзен ағысы мен жұмсақ түстік үйлесім кеңістіктің шексіздігін және табиғаттың табиғи сұлулығын айқындайды.
Ерекше орынды Жеңіс Молдабековтың «Лотосқа серуен» туындысы алады. Мұнда адам мен табиғаттың біртұтастығы тақырыбы ашылған. Гүлденген лотостар арасында жүзіп келе жатқан қайық бейнесі тыныштық пен табиғатқа ену сезімін беріп, жазғы мамыражай көңіл күйді жеткізеді.
Табиғи тепе-теңдік тақырыбын Сағын Абзаловтың «Қиғаш» картинасы жалғастырады. Онда жағалаудағы қайықтар адам мен қоршаған ортаның байланысын білдіретін символ ретінде бейнеленген. Жарық пен көлеңкенің контрастары кеңістіктің тереңдігін күшейтіп, күнделікті өмірдің тыныштығын айқындайды.
Экспозицияны Вячеслав Русановскийдің «Лотос» туындысы қорытындылайды. Бұл еңбекте сирек кездесетін өсімдіктің табиғи ерекшеліктеріне ерекше назар аударылған. Суретші лотостың нәзіктігін, әсемдігін және бірегей қасиеттерін жеткізе отырып, оның эстетикалық әрі экологиялық құндылығын көрсетеді.
Көрме табиғи экожүйелерді сақтау, сирек өсімдіктерге ұқыпты қарау және бірегей табиғи құбылыстардың құндылығын түсіну қажеттігін айқындайды. Бұл құбылыстар Қазақстанның мәдени және экологиялық мұрасының маңызды бөлігі болып табылады.
















