Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі «Ұлы Жеңістің – 75 жылдығына» орай, «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалымен бірлескен «Отқа оранған жылдар» атты арнайы тележоба ұйымдастырған болатын. Негізгі мақсат: табандатқан төрт жылға созылып, ақырында бұдан 75 жыл бұрын жалаулатқан Жеңіспен аяқталған Ұлы Отан соғысындағы ерлер еңбегін ұлығылау, Отанын қорғаудағы бабалар ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, Жеңіс тағылымын, жеңіске бағытталған ерлік ісі туралы тарихи құжаттар мен жәдігерлерді, музейлер төрінен орын алған талай туындыларды бүгінгі және келер ұрпақ қолына аманаттап, табыстау, сол арқылы елін, жерін құрметтеуге тәрбиелеу. Белгілі қылқалам шеберлері осынау Жеңіс жайындағы жанды тербеп, жүректі толқытқан суреттерді ақ парақ бетіне бейнелеп, қасіретті жылдар жаңғырығын тағы бір еске түсірді. «Отқа оранған жылдардың» белгісіндей болған «бояулар үнін» назарларыңызға ұсынамыз.