2026 жылғы 7 қыркүйек күні Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі 6 - қыркүйек - Қазақстан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі - "Мұнайшылар күніне" орай мұнай тақырыбында NCOC компаниясының Frontier Plaza кеңсесінде жылжымалы көрме өткізді.
Жылжымалы көрменің мақсаты - мұнай-газ саласында қызмет ететін адамдардың қажырлы еңбегін кенеп арқылы жеткізу, қызметкерлерді музейдің тың туындыларымен таныстыру, өнерді дәріптеу.
Жылжымалы көрме NCOC компаниясы басшылығының алғысөзімен ашылып, салтанатты ашылу рәсімінде музей басшысының орынбасары Даулбаев Махамбет Орынғалиұлы сөз сөйлеп, қатысушы компания қызметкерлерін көрмені тамашалауға шақырды.
Көрме барысында қатысушыларға О.Кендірдің "Атырау - мұнайлы өлкем", Қ.Айтқалиевтің " Жаңарған өлке. Атамекен", М.Қалимовтың "Маңғыстау мұнайшылары", Ж.Қайрамбаевтың "Гурьев мұнай өңдеу зауыты", Қ.Мұхамедиевтің "Киелі өлке - Атырау, Б.Телеубайдың "Мұнай", С.Кәрібайдың "Мұнайшы", Л.Мамырованың «Ақінген мұнай кеніші», О.Қабөкенің "Нан", Ж.Рахметовтың "Атырау өңірі", Ж.Қайрамбаевтың "Құдырет сыйы", О.Кендірдің "Қашаған", И.Арыстановтың "Қазыналы өлкем" атты туындылары таныстырылды.
Мұнайшы мамандығы - табандылықты, төзімділікті және кәсіби шеберлікті қажет ететін ауыр кәсіп. Мұнайды игеру тек техникаға ғана емес, адам еңбегіне де тікелей байланысты. Сондықтан Мұнайшылар күні - ең алдымен сол еңбекқор жандардың еңбегін бағалау мерекесі болып табылады.
Осы орайда, музей ұжымы барлық мұнай-газ саласы қызметкерлерін құттықтай отырып, аталған көрме қыркүйек айының 11-не дейін Frontier Plaza кеңсесінде жалғасатынын мәлімдейді.
















