2026 жылғы 29 қыркүйекте Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстанның халық суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Николай Степанович Гаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Өнермен өрілген өмір» атты виртуалды онлайн-көрме өтті. Көрме П.М. Догадин атындағы Астрахань мемлекеттік көркемсурет галереясымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Онлайн-көрменің мақсаты – қалың көпшілікті Николай Гаевтың шығармашылық мұрасымен таныстыру, суретшінің Қазақстан графикасы мен кітап өнерінің дамуына қосқан үлесін көрсету, сондай-ақ оның туындыларының Қазақстанның тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтаудағы маңызын айқындау.
Николай Степанович Гаев – кеңестік және қазақстандық график-суретші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР-інің халық суретшісі. 1941 жылы Свердловск көркемсурет училищесін тәмамдап, майданға аттанған. Соғыстан кейін, 1946 жылы Алматыға қоныс аударып, өмірі мен шығармашылығын Қазақстанмен мәңгілік байланыстырды. Суретші «Қазақфильм» киностудиясында, баспаларда еңбек етіп, кітап графикасымен айналысты және республиканың көркемөнер өміріне белсенді араласты.
Көрменің елеулі бөлігін суретшінің портреттік туындылары құрайды. Олардың қатарында «Актриса», «Театрда», жазушы Ілияс Жансүгіровтің, ақын Олжас Сүлейменовтің және басқа да танымал тұлғалардың портреттері бар. Гаев айқын сызықтар, жарық және қараңғы дақтардың қарама-қайшылығы, өзіне тән көркемдік детальдар арқылы кейіпкерлерінің сыртқы келбетін ғана емес, олардың дара болмысын да жеткізуге ұмтылған.
Николай Гаевтың шығармалары Мемлекеттік Третьяков галереясында, Шығыс халықтары өнері музейінде, Милан қаласының көркемсурет музейінде, Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде, сондай-ақ Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Өнермен өрілген өмір» онлайн-көрмесі Николай Степанович Гаевтың сан қырлы шығармашылық мұрасына қайта үңіліп, майдангер суретшінің, графика және кітап өнерінің шеберінің еңбектерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Оның шығармашылығы Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен тығыз сабақтасып жатыр.
Көрме өнердің ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы маңызын айқындай түсті. Өнер арқылы белгілі бір дәуірдің адам тағдыры, тарихи оқиғалары мен рухани құндылықтары сақталып, кейінгі ұрпаққа жеткізіледі. Николай Гаевтың шығармашылығы – суретшінің өмір жолы ел тарихымен ажырамас байланыста болып, өнердің халықтың мәдени жадын сақтайтын маңызды рухани құндылыққа айналуының жарқын үлгісі.
















