2026 жылғы 1 қазан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі “1 қазан - Халықаралық қарттар күніне” орай Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының “N4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету” орталығында “Атырау - жүректегі қала” атты жылжымалы көрме өткізді.
Жылжымалы көрменің мақсаты – ардақты қарияларды мерекемен құттықтай отырып, оларға рухани қолдау көрсету, өнер арқылы көңілдеріне жылылық ұялату, өлке тарихы мен өнер туындылары арқылы ерекше көңіл-күй сыйлау және мәдени ортадан тыс қалмауын қамтамасыз ету.
Көрмеге Атыраудың кешегісі мен бүгінгісін, оның табиғаты мен мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігін суреттейтін Атыраулық және басқа да облыстың қылқалам шеберлерінің тың туындылары қойылды. Олар: Қ.Амановтың “Жаңа көпір”, Қ.Оразғалиевтің “Атырау”, О.Кендірдің “Жағадағы кемелер”, Л.Беликованың “Театр. Атырау қаласы”, С.Абзаловтың “Исатай-Махамбет ескерткіші”, Қ.Амановтың “Құрманғазы мәдениет сарайы”, Қ.Амановтың “Жеңіс саябағы және тағы да басқа туындылар орталықтың қызмет алушы қариялары мен қызметкерлеріне таныстырылды.
Көрме барысында естеліктер тиегін ағытып, өздеріне таныс көшелер мен жерлерді, тарихи сәттерді кенеп бетінен көрген үлкен буын өкілдері жақсы әсер алып, ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, мерекелік шараға Атырау облысының әкімі Болат Оралұлы Ақшолақов пен Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов арнайы келіп қариялармен жүздесті.
















