2026 жылғы 5 қараша күні Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерін дәріптеуге арналған «Білезік» атты зергер-шеберлер арасындағы республикалық онлайн-симпозиум көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Мәдени шараның басты мақсаты – ұлттық зергерлік өнердің бай мұрасын сақтау және насихаттау, отандық зергер-шеберлердің шығармашылығына қолдау көрсету, кәсіби тәжірибе алмасуға жағдай жасау.
Республикалық онлайн-симпозиумға Қазақстанның түрлі өңірлерінен өзіндік шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан, республикалық және халықаралық деңгейде танылған 8 кәсіби зергер-шеберлер қатысты. Атап айтқанда, Алматы қаласынан – Амангелді Мұқажанов, Серік Рысбеков, Серікқали Көкенов, Атырау қаласынан – Мұхтар Шеруен, Ақтөбе қаласынан – Болат Атраубаев, Астана қаласынан – Бахтияр Артықбаев, Ақтау қаласынан – Таймас Мұқашев пен Сағидолла Оразов өздерінің авторлық туындыларын ұсынды.
Симпозиумның шығармашылық жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталды. Қатысушы зергерлер белгіленген тақырып аясында болашақ бұйымдарының эскизін әзірлеп, ұйымдастырушылармен келісілген нұсқа бойынша өз шеберханаларында жұмыс жүргізді. Нәтижесінде ұлттық зергерлік өнердің көркемдік ерекшеліктері мен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестірген бірегей авторлық жұмыстар дүниеге келді. Симпозиум талаптарына сәйкес, зергерлік бұйымдар 925 сынамалы күмістен жасалып, ұлттық ою-өрнектермен және табиғи бағалы тастармен безендірілді. Қазақ зергерлігінде жалпақ білезік, жұмыр білезік, қос білезік және бес білезік сияқты түрлері кездеседі. Олардың ішінде бесбілезік – білекке тағылатын негізгі әшекей мен саусаққа арналған сақиналары бар, өзара жіңішке шынжырлар арқылы байланыстырылған, күрделі құрылымды сәндік бұйым. Әшекейлерді жасауда дәстүрлі зергерлік техникалар мен заманауи өңдеу әдістері қолданылып, әр бұйымның өзіндік көркемдік ерекшелігі айқындалды.
Симпозиумның маңызды нәтижелерінің бірі – музей қорының 8 жаңа авторлық зергерлік туынды – «бесбілезікпен» толықтырылуы. Аталған бұйымдар музейдің қайта жаңғыртудан өткен тоғыз экспозиция залының бірі – «Зергерлік өнер» залына орналастырылып, музей қоры тұрақты тың қолөнер туындыларымен толығып, жанданды. Көрменің салтанатты ашылу рәсімі мәдениет және өнер саласы өкілдерінің, қолөнер шеберлерінің, студенттердің және өнерсүйер қауымның қатысуымен өтті. Іс-шара барысында ұлттық зергерлік өнердің маңызы, оның тарихи-мәдени құндылығы мен қазіргі заманғы даму бағыттары атап өтілді.
Көрменің ашылуында Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Салтанатты шарада симпозиумға қатысқан зергер-шеберлердің шығармашылық еңбектері жоғары бағаланып, оларға арнайы сертификаттар мен қаржылай стипендиялар табысталды. Сонымен қатар, қатысушылардың туындылары енгізілген көрме каталогы әзірленді. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалының төрағасы, зергер-шебер Мұхтар Шеруен құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді дамытудағы осындай шығармашылық жобалардың маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты ашылу рәсімі музыкалық бағдарламамен жалғасып, көрменің лентасы қиылды. Шара соңында қонақтар «Зергерлік өнер» залында қойылған авторлық туындылармен танысып, шеберлердің шығармашылық ізденістері мен зергерлік бұйымдардың көркемдік ерекшеліктерін тамашалады.
Көрермен:
Фейсбук:
https://www.facebook.com/reel/1692024759157564 /348/
Инстаграм:
https://www.instagram.com/reel/DfPlSuRo5wp/ /2456/
















