2026 жылғы 9–11 қыркүйек аралығында Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Кәде сыйлар керуені» тақырыбында қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. 2026 жылдың 11 қыркүйек күні музейде шеберлік сағаттарының қорытынды көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Мәдени жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін сақтау, дамыту және насихаттау, «кәде-сый» ұғымының ұлттық мәдениеттегі мәні мен маңызын таныту, дәстүрлі сый мәдениетін қолөнер арқылы дәріптеу, сондай-ақ ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал ету.
«Кәде-сый» – қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі сый-сияпат, жөн-жоралғы, құрмет пен ізгі ниетті білдіретін маңызды ұғымдардың бірі. Қазақ қоғамында кәде белгілі бір салт-дәстүрге, қуанышқа, қонақжайлыққа, туыстық қарым-қатынасқа және адамдар арасындағы өзара сыйластыққа байланысты орындалып, өзіндік тәрбиелік әрі әлеуметтік мәнге ие болған. Сый ретінде ұсынылған бұйымның материалдық құндылығымен қатар, оның жасалу ерекшелігі, көркемдік сипаты, ұлттық нақышы мен символдық мәні де жоғары бағаланған.
Осы дәстүрдің мәнін қазіргі заман тұрғысынан танытып, ұлттық қолөнердің құндылығын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шеберлік сағатқа қолөнер шеберлері қатысты. Астана қаласынан келген Жүсіпова Гүлсім Бәйтерекқызы мен Түркістан қаласының шебері Садықова Айсұлу Пахриддинқызы өз шеберліктерімен бөлісіп, қатысушыларға қолөнер бұйымдарын жасау әдіс-тәсілдерін үйретті. Шеберлік сағаттарына 3 күн бойы музей қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жергілікті қолөнер шеберлері және ұлттық өнерге қызығушылық танытқан қатысушылар белсенді қатысты. Қатысушылар шеберлердің кәсіби тәжірибесінен үйреніп, қолөнер бұйымдарын жасау әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.
Көрме барысында келушілер шеберлердің шығармашылық жұмыстарымен және шеберлік сағаттарына қатысушылардың 3 күндік еңбегінің нәтижесімен танысты. Қатысушылардың қолынан шыққан бірқатар шығармашылық жұмыстар қорытынды көрмеге қойылды. Сонымен қатар көрме экспозициясынан Астана мен Түркістан қалаларынан арнайы келген қолөнер шеберлерінің өздері жасаған ұлттық нақыштағы туындыларын да көруге мүмкіндік болды.
Қорытынды көрменің ашылу салтанатында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы сөз сөйлеп, «Кәде сыйлар керуені» жобасының маңыздылығына тоқталды. Музей басшысы ұлттық қолөнерді сақтау мен насихаттауда осындай шеберлік сағаттары мен шығармашылық кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, жобаға атсалысқан шеберлерге, музей қызметкерлеріне, қоғамдық бірлестік өкілдеріне және барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – республикаға танымал қолөнер шеберлерінің музей қорына өз туындыларын табыстауы болды. Жүсіпова Гүлсім Бәйтерекқызы мен Садықова Айсұлу Пахриддинқызы өз қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарын музей қорына сыйға тартты. Бұл туындылар музей қорын толықтырып қана қоймай, қазіргі заманғы ұлттық қолөнердің көркемдік үлгілерін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында музей басшылығы атынан өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға шеберлік сағаттарын өткізген Жүсіпова Гүлсім Бәйтерекқызы мен Садықова Айсұлу Пахриддинқызына арнайы алғыс хаттар табысталды.
«Кәде сыйлар керуені» жобасы ұлттық қолөнерді дәріптеу, дәстүрлі мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау, қолөнер шеберлерінің тәжірибесін тарату және музей қорын жаңа туындылармен толықтыру бағытындағы мазмұнды мәдени жоба ретінде өз нәтижесін көрсетті. Жоба аясындағы шеберлік сағаттары мен қорытынды көрме ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырып, дәстүрлі қолөнердің сабақтастығын сақтауға өз үлесін қосты.
















