2026 жылдың 16 қазан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Заманауи музейлік жоба: өзекті нысандар мен әдістер» тақырыбындағы отандық мамандар тәжірибесіне негізделген облыстық жобалық білім беру семинары ұйымдастырылды.
Семинар-тренингтің үшінші күні қорытындылау кезеңіне арналды. Үш күнге созылған семинар нәтижесінде қатысушы музей мамандары бірнеше топқа бөлініп, дәріс барысында дәріскерлердің заманауи музей үлгісін қалыптастыру бағытындағы дағдылары мен тәжірибесін негізге ала отырып, өздерінің әзірлеген жобаларын қорғады. Ортада қызу пікірталас орнады. Ұсынылған бірнеше жобаның жетістіктері мен кемшін тұстары талқыланды. Дәріскерлер музейтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Файзуллина Ғалия Шаукетқызы мен өнертанушы, «Museumстан» халықаралық жобасының кураторы Сафарова Гүлдана Мейрамқызы семинар қатысушыларына бағыт-бағдар берді. Үш күндік оқыту барысында жинақталған тәжірибе сараланып, қатысушылардың жұмыстары қорытындыланды. Бүгінгі таңда музейлердің қоғамдық өмірдегі рөлі артып, олардың қызметіне деген қызығушылық пен сұраныс жыл санап өсіп келеді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған музей залдары, мазмұнды көрмелер мен тың жобалар келушілерге ерекше әсер сыйлап, олардың өнер әлеміне қайта оралуына ықпал етеді.
Музей – ұлттың тарихи жады, рухани қазынасы және келешек ұрпаққа аманат етілген асыл мұрасы. Ол арқылы біз өткенімізді танып, бүгінімізді бағамдап, болашағымызға бағыт аламыз. Сондықтан музей қызметін заман талабына сай дамыту, жаңа жобалар мен креативті идеяларды жүзеге асыру, көрерменмен байланысты нығайту – бүгінгі музей мамандарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Бүгінгі өткен «Заманауи музейлік жоба: өзекті формалар мен әдістер» тақырыбындағы облыстық жобалық білім беру семинар-тренингі осы бағыттағы ізденістерге серпін беріп, тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және музей қызметінің тың мүмкіндіктерін айқындауға жол ашты. Семинар барысында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, кәсіби шеберліктері мен шығармашылық әлеуеттерін көрсетті.
Бұл семинар – жай ғана тәжірибе алмасу алаңы емес, музей ісінің болашағына бағытталған жаңа бастамалардың бастауы. Осындай кәсіби кездесулер музей мамандарының ізденісін арттырып, тың жобалардың дүниеге келуіне, ұлттық мәдениетіміздің кеңінен насихатталуына және музейлердің қоғамдағы беделінің нығаюына ықпал етеді.
Өнерді ұлықтап, мұраны мәңгілікке аманат еткен музейлеріміздің мерейі үстем, шығармашылық ізденістері жемісті, жаңа жобалары сәтті болсын! Іс-шара соңында облыстық және аудандық музейлер түрлі номинациялар бойынша марапаттарға ие болды. Нәтижесінде үздік бастамалар түрлі аталымдармен бағаланып, 13 аталым бойынша жобалар ерекшеленді. Семинарға қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар табысталды.
Семинар музей қызметкерлерінің кәсіби тәжірибе алмасуына, жаңа жобалық идеялардың қалыптасуына және өңір музейлері арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына мүмкіндік берді.
















