2026 жылғы 13 қараша күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен Индер ауданы, Индербор кентідегі Индер мәдениет үйінде «Кескіндеме кеңістігі» атты өнер музейі қоры туындыларынан жасақталған жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Жылжымалы көрменің мақсаты: Қазақстан бейнелеу өнері мен музей қоры туындыларын кеңінен насихаттау, ауыл тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау.
Көрмеге Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі қорындағы Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің заманауи өнер туындылары ұсынылды.
Музей саласының ардагері, ақын Самиғолла Ғалым жүрекжарды тілегін арнады, Көрмені Ш.Сариев атындағы өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Орынғалиұлы сөз сөйлеп ашып, Индер аудандыық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тілепқалиева Жеміске, Индер ауданының Индер мәдениет үйінің басшысы Нсанов Серікке жазылған алғыс хатты табыстады.
Шара барысында ризашылығын білдіріп, ауыл тұрғындары мен қонақтарын көрмені тамашалауға шақырды. Көрмеге Қ.Амановтың «Ақын бейнесі», Қ.Амановтың «Карьердегі жалғыз үй», Досниязов Қабдол «Мерекелі Гурьев», Н.Әбишевтің «Лотос», М.Давлетьяровтың «Азияға барар жол», С.Абзаловтың «Исатай-Махамбет алаңы», Ә.Жантасов «Аққала ауылы», Ә.Жантасов «Кешкі мезгіл. Жаңбырдан соң», И.Жақановтың «Жайық күзі», Т.Мұхтаров «Биіктік рухы», Л.Мұрат «Бөдене ауылы», Б.Төлеубайдың «Нұралыұлы Бөкей хан портреті», Б.Төлеубайдың «Фариза портреті», А.Отаралиевтің «Т.Досымовтың портреті», Қ.Оразғалиевтің «Атырау», Р.Слекеновтың «Саяхат. Бақытты шақ циклынан», Л.Мамырова «Ақ інген мұнай кеніші», Т.Халиннің «Жеңіс саябағы» туындылар қойылды.
Қазіргі заман суретшілерінің туындылары өз ізашарларының дәстүрлерін одан әрі ілгері бастыратын ұрпақтар сабақтастығы мен республика өңіріндегі кәсіби шеберлердің деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.
Көрмені Индер аудандық әкімдігінің қызметкерлері, Индер ауданы мәдениет үйінің, орталық кітапхана, Индер аудандық музейінің қызметкерлері, мектептер мұғалімдері мен оқушылары, Индер өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері, Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары тамашалады. «Кескіндеме кеңістігі» көрмесі бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда кескіндеме жаухарларын көріп, түсінуге мүмкіндік береді.
















