2026 жылдың 12 қараша күні облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Төл теңгенің айшықтары» тақырыбында танымдық дәріс өткізілді.
Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің тарихын, қалыптасу кезеңдерін, банкноттардағы тарихи тұлғалар мен ұлттық нақыштағы көркемдік ерекшеліктерін таныстыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және қаржылық сауаттылықты дамыту.
Дәріс барысында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілу тарихы, алғашқы банкноттардың жасалу ерекшеліктері, теңге дизайнының қалыптасуы мен даму кезеңдері кеңінен баяндалды. Сонымен қатар банкноттарда бейнеленген тарихи тұлғалар, мәдени мұралар, ұлттық символдар мен ою-өрнектердің мағынасы туралы маңызды мәліметтер ұсынылды.
1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуі Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі екендігі атап өтілді. Теңгенің дүниеге келуі еліміздің экономикалық дербестігін нығайтып, егемендіктің айқын нышанына айналды.
Дәріс барысында тыңдаушыларға теңге туралы мақал-мәтелдер мен танымдық сұрақтар ұсынылып, ұлттық валютаның қадір-қасиеті мен маңызы жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар теңгедегі бейнелер мен өрнектер арқылы халқымыздың тарихы, мәдениеті және ұлттық болмысы көрініс табатынын ұғынды.
Ұлттық валютамыз – ел тәуелсіздігінің айғағы, экономикалық дербестігіміздің белгісі әрі ұлттық мәдениетіміздің көрінісі. Теңгенің әрбір айшығы мен бейнесі халқымыздың тарихи жады мен рухани құндылықтарын дәріптейді. Дәріске Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің студенттері қатысып, төл теңгенің тарихы мен ұлттық валютамыздың ерекшеліктері туралы тың ақпараттар алды. Студенттер дәрісті қызығушылықпен тыңдап, танымдық білімдерін толықтырды.
















