2025 жылғы 19 қарашада Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, суретші-кескіндемеші Шереметьев Григорий Тимофеевичтің музей қоры туындыларынан «Шереметьев шедеврі» тақырыбында дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – суретші, кескіндемеші Григорий Шереметьевтің музей қорында сақталған туындыларымен таныстыру және жалпы суретшінің еңбек жолында жазған басқа да туындылары жөнінде мәлімет беру.
Шереметьев Григорий Тимофеевич (1922-1997) – суретші, кескіндемеші, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1922 жылы РФ Алтай өлкесі Сидоровка селосында дүниеге келген. 1946 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) бітірді. Қазақстан Суретшілер Одағының Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы алғашқы өкілі болды. Республикалық және одақ деңгейіндегі көрмелерге қатысқан. 1989 жылы суретшінің жұмыстары Гурзуфтегі (Қырым Республикасы) Коровин атындағы шығармашылық үйде ұйымдастырылған Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер-суретшілер көрмесіне қойылды. 1974 және 1982 жылдары Алматы қаласында жеке көрмелері ұйымдастырылды. 2002 жылы – Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде суретшінің мерейтойына орай көрме өткізілді. Суреттерінің негізгі тақырыбы – Ертіс өңірінің тыныс-тіршілігі. Г.Шереметьев негізінде сюжеттік тақырыптық жанрда жұмыс істеп, сюжеттік-тақырыптық картиналарға көп көңіл бөлген. Григорий Тимофеевич Шереметьевтің шығармашылығына ақшыл көк түсті гамма тән және суретші туындыларында көкшіл сұр түсті реңктерді жиі қолданған.
Дәріс-сағатта суретшінің «Жастар бригадасы», «Черкасск қорғанысына қатысушы Федор Иванович Дудкин бейнесі», «Көгілдір күн» атты музей қорында сақталған туындыларына сипаттама берілді.
Дәріс-сағатқа Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің 1 курс студенттері қатысты. Дәріс-сағат барысында студенттер қызығушылық танытып, өзара сұрақ-жауап алмасты.
















